Logo
Іздеу
Айдарлар

Бір жасар баланы жай ғана сүйемін деп соқыр етті: Жас ана дабыл қақты

/
Бір жасар баланы жай ғана сүйемін деп соқыр етті: Жас ана дабыл қақты
pixabay.com

Ұлыбритания тұрғыны Мишель Саайман екі жасар ұлының бір көзінен айырылғанын айтып, ата-аналарды аса мұқият болуға үндеді, деп хабарлайды Arasha.kz

Бұл туралы ақпаратты Unilad басылымы таратты.

Анасының айтуынша, ол алғаш рет дәрігерлерге баласы 16 айлық кезінде жүгінген. Бастапқы белгілер қарапайым көз қабынуына ұқсап, дәрігерлер антибиотиктер курсын тағайындаған.

Алайда бірнеше күннен кейін баланың жағдайы күрт нашарлаған. Мишель Саайманның сөзінше, баланың көзінде белгісіз түзіліс пайда болғандай болып, сәби көзін саусағымен ұстаса да, ауырсынуға реакция білдірмеген.

Қосымша тексерулер нәтижесінде мамандар қарапайым герпес вирусынан туындаған көздің қасаң қабығындағы герпестік жараны анықтаған. Анасы мен әкесінде бұл вирус табылмағандықтан, дәрігерлер балаға вирус басқа адамнан, мысалы, ернінде герпесі бар адамның сүйгені арқылы жұққан болуы мүмкін деген болжам айтқан.

Дәрігерлер инфекцияны бақылауға алу үшін бірнеше апта күрескенімен, сол уақыт ішінде вирус көздің қасаң қабығын зақымдап үлгерген. Соның салдарынан баланың бір көзі толықтай көрмей қалған.

Қазіргі таңда отбасы күрделі операциядан үміт күтуде. Жоспар бойынша, алдымен баланың аяғынан жүйке талшықтарын көз ұясына көшіру операциясы жасалуы мүмкін. Егер бұл сәтті өтсе, кейін қасаң қабықты ауыстыру арқылы көру қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік туады.

Мишель Саайман ата-аналарға кішкентай балаларды бөгде адамдардың сүюіне жол бермеуге кеңес беріп, тіпті қауіпсіз көрінетін байланыс та ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.