Logo
Іздеу
Айдарлар

ТҰЛҒА БЕЙНЕСІ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ МӘТІНДЕРДЕ: ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ МҰРАСЫ

/
ТҰЛҒА БЕЙНЕСІ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ МӘТІНДЕРДЕ:  ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ МҰРАСЫ
Сурет: ашық дереккөзден

Бұл мақалада қазақ журналистикасының дамуына үлес қосқан қаламгер, жазушы және журналист Әзілхан Нұршайықовтың эпистолярлық мұрасы зерттеледі. Хаттар арқылы автордың журналистік ұстанымы, азаматтық позициясы және публицистикалық ойлау жүйесі ашылады. Мақалада эпистолярлық мәтіндердің журналистикалық, публицистикалық және тұлғатану тұрғысынан маңызы қарастырылады. Сонымен қатар, хаттар шығармашылық еңбектермен сабақтастырылып, қаламгердің толық шығармашылық портреті жасалады.

Қазақ журналистикасында тұлғатану мәселесі қаламгердің шығармашылық мұрасын жан-жақты талдаумен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, журналист әрі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың эпистолярлық мұрасы оның кәсіби болмысын, азаматтық ұстанымын және публицистикалық көзқарасын терең танытатын маңызды дереккөз болып табылады. Жазушының публицистикалық және көркем шығармаларында көтерілген негізгі идеялар оның хаттарында да көрініс табады. Сондықтан эпистолярлық мәтіндерді журналист тұлғасын ашудың тиімді тәсілі ретінде қарастыру өзекті.

Эпистолярлық жанр журналистикамен тығыз байланыста дамыған мәтін түрлерінің бірі саналады. Хаттарда нақты дерек, авторлық баға, қоғамдық пікір элементтері қатар көрініс табады. Журналистік тұрғыдан алғанда, эпистолярлық мәтіндер белгілі бір кезеңдегі әлеуметтік ахуалды, қоғамдық мәселелерді және тұлғалар арасындағы кәсіби қарым-қатынасты бейнелейді. Сондықтан эпистолярлық мұра журналистика тарихын зерттеуде деректік және танымдық маңызы жоғары жанр ретінде қарастырылады.

Әзілхан Нұршайықовтың эпистолярлық мәтіндері оның публицистикалық және журналистік еңбектерімен тығыз байланысты. Оның хаттарында жеке өмірге қатысты сырлармен қатар, әдеби орта, шығармашылық ізденіс, қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен қозғалады. Жазушы хаттары арқылы өз замандастарымен рухани байланыс орнатып, әдеби ой-пікір алмасудың белсенді үлгісін көрсетеді. Сонымен бірге, бұл хаттарда автордың азаматтық позициясы, ұлттық құндылықтарға деген құрметі айқын байқалады. Нұршайықовтың хаттарында көркем прозасына тән бейнелілік, эмоционалдық реңк сақталған. Автор қарапайым тілдік құрылымдар арқылы терең философиялық ойларды жеткізе біледі. Оған қоса, эпистолярлық мәтіндерде лирикалық толғаныс, психологиялық талдау, публицистикалық сарын қатар өріліп отырады. Бұл ерекшеліктер жазушы хаттарын тек деректік материал ғана емес, көркем мәтін деңгейіне көтереді.

 Жазушының «Ақиқат пен аңыз» [1], «Махаббат, қызық мол жылдар» [2], «Екі естелік» [3] секілді шығармаларында көтерілген азаматтық, адамгершілік және отаншылдық идеялар хаттарында да жалғасын табады. Автор хаттарында журналистік ұстанымын, шығармашылық қағидаларын және қаламгерлік жауапкершілігін ашық білдіреді.

Әзілхан Нұршайықовтың хаттары мен «Ақиқат пен аңыз» романындағы Бауыржан Момышұлына жазылған хаттар журналистикадағы деректілік, нақтылық және фактіні баяндау принциптерін айқын көрсетеді. Мысалы, төмендегі болгар поручигінің хатындағы Бауыржан Момышұлының жауынгерлік және командирлік қасиеттері, оның тәртіпке берік ұстанымы, автордың  таңданысы арқылы айқын көрінеді. Хатта батырдың тұлғалық және кәсіби сипаттары нақты ашылған. 

«Қымбатты жолдас Момышұлы! Осы жаңа ғана Александр Бектің «Волоколам тас жолы» кітабын оқып шықтым. Кітапта Отан соғысындағы Сіздің алғашқы ұрыстарыңыздың  тарихы суреттеліпті. Егер мен дұрыс ұқсам, Сіз өз басыңыздан кешкен оқиғаларды әрі шынайы түрде, әрі көркем етіп жазушыға баяндап бергенсіз...

Болгар әуе күштері
26 июль, 1947 ж. Банкя қаласы. 
Ұшқыш поручик Лило Иванов Ненов [1, 137].

 Тағы бір Б. Момышұлының белгісіз лейтенантқа жазған хатынан үзінді келтірсек: 
Құрметті жолдас лейтенант: 
«Хатыңызға рахмет. Сіздің сұрақтарыңызға жауабым мынадай: 1. «Волоколам тас жолы» кітабын талқылау стенограммаларының, оған берілген рецензиялардың, кітапқа байланысты келген хаттардың көшірмелерін Сізге жіберуге мүмкіндік жоқ, оған шамам жетпейді» [1, 137-142] - дей келе осы повестің 1941-1942 жылдары  Москва қаласында әдебиетшілер үйінде екі рет талқыланғанын, оның үстіне кітап бойынша күніне жүздеген хаттардың келетінін, сонымен бірге еңбектің француз, чех, итальян, неміс, қытай, т.б. тілдерге аударылған даналарын алып тұрғанын  алдыға тарта отырып, лейтенанттың әрбір сұрағына санамалап тұрып 5 бет хатпен жауап жазған. Бұл хаттан Бауыржан  Момышұлының әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жауапты және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары тұлға екенін айқын көрсетеді. Оның жауаптарындағы әрбір сөзде ол тек жауынгер ғана емес, әр жағдайға саналы және әділ шешім қабылдай білетін командир екенін айқын көрсетеді. 

Соңына Жолдастық сәлеммен гвардия полковнигі. 1951 жылдың 26 марты. Калинин қаласы. Бауыржан Момышұлы деп қол қояды.

Бұл үзінді эпистолярлық мәтіннің ақпараттық функциясын айқын бейнелейді. Мұнда хат тек жеке сөйлесу құралы емес, қоғамдық таным мен деректік маңызы бар журналистік коммуникацияға айналады. Жазушы мен әскери тұлға арасындағы хат алмасу ресми және нақты ақпаратқа сүйенген, әрбір фактіге назар аударылған, бұл журналистік стильдің айқын көрінісі.

Ал «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы Меңтайдың Ерболға жазған хаттары эмоционалдық тұрғыдан жеке тұлғаның ой-санасын, қоғамдық байланысын ашып, журналистикалық адамның психологиялық портретін жасауға мүмкіндік береді:
«Ербол, жаным, Ербол! Ѳткен түнде, сен мені перзентханаға әкеп салып, қайтып кеткеннен кейін маған осында ѳліп қалатын шығармын деген ой келді. Мен ѳлсем де, бала ѳлмесе екен деп тіледім. Атын ѳзің қой. Сен не деп қойсаң, мен соған ризамын, менімен келістім деп есепте. Бұл - менің, болашаққа жолдаған сәлем хатым болады ғой сонда, иә. «Мамаң аты кім?» десе, «Меңтай» дейді ғой ол тілі шыққан соң! Ол мені айтқаны ғой. Сонда сен күлесің де, күрсініп мені еске аласың ғой... [2, 311].

Ерболым менің! Мен тағы да қорқынышты ойлар ойладым. Адамдар бірін-бірі сүйеді. Содан соң біреуі ѳліп, сауды‐ раған сүйек болып, жер астында қалады. Ол ештеңені де білмейді, сезбейді. Ештеңеге қиналмайды, ойламайды. Бірақ бар салмақ, бар ауыртпалық тірі қалғанға түседі ғой. Жаман, арсыз жар есепті тіршілігін жасай жатар. Адал жарға ауыр тиеді-ау жалғыздық. Шіркін, шын сүйіспеншілікпен қосылған жандар ѳлмейтін болсыншы! Жоқ, мұным табиғат заңына қайшы болар. Онда, ондай адамдар ұзақ жасайтын болсашы ең болмаса! Бірақ мен ѳлсем де ѳлмейтін шығармын деп ойлаймын тағы да. Ѳйткені мен ішімнен шығатын балада және сенің жүрегіңде ѳмір сүремін ғой. Сонда ол менің ол мендік емеспе? Солай емеспе, Ербол? Солай деші, жаным, кѳкетайым! [2, 312]. 

Айтпақшы, бүгін майдың 5-і екен гой. Сен әкеп берген газеттен кѳріп, есіме түсті. Сені баспасѳз күнімен құтты‐ қтаймын. Жеңіс күнімен құттықтаймын. Жалғыз мен ғана емес, «Папама менен де сәлем айт!» деп бүйірімді тепкілеп жатыр мына тентегім. Оның да сәлемін қабыл ал! [2, 314]

Бұл мәтінде жеке сезім мен қоғамдағы өмірлік қиындықтар, моральдық мәселелер талданады. Журналистика тұрғысынан бұл хат қоғамдық құндылықтарды жеткізу, адамгершілік тақырыптарын қозғау арқылы оқырманды ойландыру құралы ретінде бағаланады. Мәтінде факт пен эмоцияның үйлесімі байқалады, бұл эпистолярлық жанрдың публицистикалық ерекшелігімен үндеседі.

Сонымен, мұндағы мәтіндерде:
 1.    Деректілік пен нақтылық – әскери және тарихи ақпаратты баяндау (Момышұлы хаттары).
    2.    Эмоция мен жеке тәжірибе – адамның психологиялық портретін ашу (Меңтайдың хаттары).
Осы тұрғыдан, эпистолярлық мәтіндер журналистикадағы ақпараттық және публицистикалық миссияларды біріктіретін құрал ретінде қарастырылады. Олар тек жеке хат емес, оқырманға тарихи, моральдық, және әлеуметтік контекстті жеткізуге мүмкіндік беретін құнды коммуникациялық ресурс болып табылады.

Әзілхан Нұршайықов хаттарында журналистке тән деректілік, нақтылық және шыншылдық басым. Ол баспасөздің қоғам алдындағы рөлі, журналистің моральдық жауапкершілігі жөнінде ой қозғайды. Бұл тұстар оның публицистикалық мақалаларымен мазмұндық әрі идеялық тұрғыдан үндесіп жатады. Оның эпистолярлық мұрасы нақты тарихи деректерге, өмір шындығына негізделеді. Хаттарда сол дәуірдегі әдеби орта, баспасөздің жай-күйі, журналистік жауапкершілік мәселелері қозғалады. Автор хат арқылы тек жеке пікірін білдіріп қана қоймай, қоғамға үн қатады, оқырманды ойландыруды мақсат етеді. Бұл – журналистиканың негізгі функцияларымен сабақтас құбылыс.

Жазушының хаттарында журналистік стильге тән нақтылық, түсініктілік және эмоционалдық әсер айқын байқалады. Автор хат арқылы өзін тек жазушы емес, қоғам мәселелеріне бейжай қарамайтын журналист тұлға ретінде көрсетеді. Эпистолярлық мәтіндерде қаламгердің мінезі, дүниетанымы, өмірлік ұстанымы ашылып, тұтас шығармашылық портрет қалыптасады.

Ә. Нұршайықовтың эпистолярлық мұрасы қазақ журналистикасының қалыптасу және даму кезеңдерін зерттеуде маңызды дереккөз болып табылады. Хаттар арқылы сол дәуірдегі журналистердің кәсіби ұстанымы, шығармашылық еркіндігі мен жауапкершілігі жөнінде мол мағлұмат алуға болады. Осы тұрғыдан алғанда, эпистолярлық мұра журналистика тарихының ажырамас бөлігі ретінде бағаланады.

Қорытындылай келе, Әзілхан Нұршайықовтың эпистолярлық мұрасы журналистикалық тұрғыдан аса құнды рухани әрі деректік қазына болып табылады. Оның хаттары публицистикалық ойдың дамуын, азаматтық позицияның қалыптасуын және журналистік шеберліктің ерекшеліктерін айқындайды. Эпистолярлық мәтіндерді журналистика ғылымы аясында жүйелі түрде зерттеу ұлттық баспасөз тарихын терең тануға жол ашады.

Пайдаланылған әдебиеттер

    1.    Нұршайықов Ә. Ақиқат пен аңыз:  Роман-диалог. Алматы, Жазушы. 2009. – 464 бет.
    2.    Нұршайықов Ә. Махаббат, қызық мол жылдар. Роман.- Алматы: Жазушы, 2011. -320 б. 
    3.    Нұршайықов Ә. Екі естелік. Алматы, 2000.
    4.    Шауенова Г.А. Нұршайықовтың эпистолярлық мұрасы: рухани шежіре және көркемдік әлем // ХХІ ғасырдағы креативті индустриялар: генезисі, медиабағдарламалар, білім беру мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2025. - 436 б.

Г.А. Шауенова  

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті