Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Оксана Ковальчук: Заңда психологты да қорғайтын тетіктер болуы тиіс

/
Оксана Ковальчук: Заңда психологты да қорғайтын тетіктер болуы тиіс
жеке архивінен

Қазақстанда психолог қызметін заңмен реттеуді көздейтін жаңа заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданып, қоғамда қызу талқыға түсті. Әсіресе, депутаттардың сала мамандарына қатысты айтқан өткір сындары кәсіби ортада алаңдаушылық туғызып отыр. Осы орайда Қазақстандық кәсіби гештальт-ассоциациясы кеңесінің төрағасы Оксана Ковальчук «Арашаға» жаңа заңның мәні, оның мамандар мен клиенттерге ықпалы, сондай-ақ саладағы өзекті мәселелер туралы айтып берді.

– Осыған дейін психолог қызметін заңдастыру қажет дегенді жиі еститінбіз, қалай ойлайсыз қазір заңды дер кезінде қабылдап отырмыз ба?

– Бұл заңды қабылдау әлдеқашан пісіп-жетілген еді. Соңғы жылдары өзін психолог деп таныстыратындар көбейіп кетті. Ал тәжірибелі мамандар ретінде біз «псевдопсихологтардың» қабылдауынан кейін психологиялық жарақаты күшейіп, өзін-өзі реттеу қабілеті бұзылып, мәселесі ушығып кеткен клиенттермен жиі бетпе-бет келеміз. Бұл жағдай  көбіне психикасы әлсіз адамдармен жұмыс істеуге қабілетсіз «психологтардың» қызметі салдарынан туындайды.

Біз мұндай заңның қабылдануына өзіміз де белсенді түрде атсалыстық. Себебі бұл құжат – психологтың кәсіби жауапкершілігін айқындап қана қоймай, ең алдымен клиенттің қауіпсіздігін, сондай-ақ маманның да кәсіби қорғалуын қамтамасыз ететін тетік деп түсінеміз.

– Депутаттардың психолог қызметі туралы айтқан сыни пікірлеріне қалай қарайсыз?

– Мен оны бағалаудан гөрі, көбіне қынжыламын. Өте қатқыл, жалпылама пікірлерді естимін. Әрине, қоғам алдында айтылып жатқан кейбір фактілердің бар екенін түсінемін. Бірақ өкініштісі – басқа да маңызды мысалдар аз айтылады. Тек ажырасқан отбасылар туралы емес, қайта табысқан жандар, көп жыл бала сүйе алмаған отбасылардың ата-ана атануы, ауыр психосоматикалық дерттерден айығып шыққандар, психологиялық саулығын қалпына келтіріп, өмірге деген құлшынысы артқан адамдар туралы да айту керек. Бұлардың бәрі – психолог еңбегінің нақты нәтижесі.

Психологиялық қызмет саласын реттеу осы бағыттағы қоғамдағы теріс пікірді азайтады деп сенемін. Жауапкершілігі жоғары мамандар көбейіп, психолог көмегіне жүгінген адамдар олардың еңбегін лайықты құрметпен бағалайтын деңгейге жетеді. Бұл – осы салада адал еңбек етіп жүрген көптеген маманға берілетін әділ баға болмақ.

– Жаңа заң психолог қызметін айқындап қана қоймай, лицензиялау және «жалған мамандар» мәселесін шеше ала ма?

– Қазір кәсіби стандарттар әзірленіп жатыр. Бұл құжаттардың үстінде халықаралық сарапшылар, академиялық және практик психологтар бірге жұмыс істеуде. Бізді тыңдап, жұмыс топтарына қосып жатқаны қуантады. Кейде қоспай да жатады, ондайда өз ойымызды БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы жеткізуге тырысамыз. Заңды әзірлеуге осы салаға қатысы бар, болашаққа бейжай қарамайтын адамдардың бәрі тартылған. Бұл – заң шын мәнінде пайдалы болады деген үміт береді.

Психолог деп танылатын негізгі өлшем – маманның арнайы тізілімге (реестрге) енгізілуі. Ал оған кімдер кіретіні кәсіби стандарт арқылы анықталады. Қазір ортақ пікір мынаған саяды: психолог ретінде жұмыс істеу үшін адам:

– психология бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуы, не ресми қайта даярлаудан өтуі керек;

– таңдаған әдісі бойынша кемінде 900 сағат дайындықтан өткен болуы тиіс;

– тұрақты түрде жеке терапия мен супервизия алып отыруы қажет;

– этика мен кәсіби талаптарды қатаң қадағалайтын кәсіби қауымдастықтың мүшесі болуы керек.

Осындай талаптар сақталса, психологтың біліктілігі, кәсібилігі және өзінің психологиялық тұрақтылығы қамтамасыз етіледі деп сенуге болады.

Алайда заңның 5, 6, 7-баптарында нақты реттеу әлі толық айқын емес. Сондықтан психологтардың құқықтары қалай қорғалатыны әзірге түсініксіз. Құжатта жауапкершілік пен жазалау жағы көбірек айтылған да, ал мамандардың құқығы мен қорғалуы аз қамтылған.

Психологтар да – адам. Әсіресе оларды тек қызмет көрсетуші ретінде қабылдағанда немесе клиенттер тым жоғары нәтиже күткенде жағдай қиындайды. Адамды шынайы жағдайды қабылдауға жеткізу – оңай процесс емес, ол клиентке де, оның жақындарына да ауыр тиюі мүмкін. Мұндай кезде кейбірі жауапкершілікті психологқа арта салады.

Негізі кәсіби мамандар жауапкершіліктен қашпайды – бұл біздің біліміміз бен тәжірибемізге сіңген қағида. Егер маман жауапсыз болса, оған ешкім бармайды. Клиенттің өзі-ақ таңдау жасап, сапасыз қызметтен бас тартады.

– Ал реестрге енбей-ақ қызмет көрсете беретіндерге қандай шара қарастырылған?

– Қазір заңда нақты кімнің реестрге кіретіні толық анықталмағандықтан, оған кірмегендерге қандай шара қолданылатынын да нақты айту қиын.

Дегенмен, бұл заң жалпы салаға ашықтық пен түсініктілік әкеледі деп күтілуде. Әр адам, әр клиент маман туралы ақпаратты қарап, оның расымен білікті ме, қандай дайындықтан өткен, нақты тәжірибесі бар ма – соны тексере алады. Әлде ол тек әдемі сөйлеп, әлеуметтік желідегі танымалдығына сүйеніп жүрген адам ба – оны да ажырату жеңілдейді.

– Бұл заң психологиялық көмекті халыққа қолжетімді ете ме, әлде керісінше бағаның өсуіне әкелуі мүмкін бе?

– Бүгінгі күні психологтардың білімі, жеке терапиясы, супервизиясы – бәрі қымбат тұрады. Біз біліктілікті арттыру үшін халықаралық сарапшылармен жұмыс істейміз, көбіне офлайн бағдарламалар ұйымдастыруға тырысамыз. Мұның бәріне мамандар өз қаражатын салып келеді және әлі де салып жатыр. Сондықтан бұл заң қызмет бағасын күрт төмендетеді немесе өсіреді деп ойламаймын. Бірақ баға айырмашылығы тым алшақ болмай, белгілі бір шеңберде қалыптасуы мүмкін.

Қазір мемлекет жекеменшік психологтардың біліктілігін бюджет есебінен толық қамтамасыз ете алады деу қиын. Дегенмен біз мемлекеттен әлеуметтік осал топтарға психологиялық көмекті қолжетімді ету, мектеп психологтарының, аурухана, емхана және дағдарыс орталықтарындағы мамандардың еңбекақысын лайықты деңгейде қолдау күтудеміз.

– Психолог пен клиент арасындағы құпия ақпарат қалай қорғалады, әсіресе онлайн-сеанс кезінде оны жүзеге асыру қаншалықты мүмкін?

– Клиенттің құпиялығы этикалық кодекс арқылы қорғалады. Кабинеттегі қабылдауда бұл талаптың сақталуына психолог өзі жауап береді. Ал онлайн форматта ол клиентке де осы талаптарды түсіндіріп, үйретеді. Яғни, кеңес өтетін жерде қауіпсіз жағдай жасау – бөтен адамдардың немесе отбасы мүшелерінің күтпеген жерден кіріп кетпеуін қамтамасыз ету маңызды.

Біз клиентпен бірге шағын «дайындық» жүргіземіз: онлайн консультацияны қалай дұрыс алу керегін түсіндіреміз. Мысалы, үйдегілерді алдын ала ескерту не болмаса керісінше, клиенттің жеке бөлмеде отырғаны дұрыс. Өйткені кейде өте сезімтал сәтте есік ашылып, мектептен келген бала кіріп кетуі мүмкін. Ал дәл сол сәтте әңгіме сол баланың болашағы туралы болып жатса, ол ата-анасының уайымына куә болуы ықтимал.

– Ал психологтардың аты-жөнін атамай, өз тәжірибесінен мысал келтіруіне қалай қарайсыз? Бір жағынан, бұл жалпылама түрде айтылады, клиенттің жеке басы ашылмайды. Екінші жағынан, кейбір адамдар мұны құпиялылықтың бұзылуы деп қабылдайды. Сіздің ойыңызша, шекара қай жерде?

– Иә, мұндай мысалдар көбіне жалпылама түрде, клиенттің жеке басын ашпай беріледі. Ал қоғамдағы теріс көзқарас – бүгінгі әлеуметтік фонның бір бөлігі.

Рұқсат етілетін шекара әр адамға байланысты әртүрлі. Біреулер үшін құпиялылық тек аты-жөнге қатысты болса, енді біреулер үшін психологқа жүгінудің өзі жеке мәселе. Сондықтан әр жағдай жеке қаралады.

Егер құпиялылық бұзылды деген күмән туындаса, онда бұл мәселе кәсіби ортада өте мұқият, қатаң этикалық талқылаудан өтеді. Себебі құпиялылық – психолог жұмысының негізгі қағидаларының бірі.

Осы тұста тағы бір маңызды нәрсе бар – психологтың өзіне де қорғау қажет. Яғни, жала жабу мен негізсіз айыптаулардан қорғайтын тетіктер болуы керек. Клиенттер мен аудитория да маман алдындағы өз жауапкершілігін түсінгені дұрыс.

– Әңгімеңізге рақмет!