Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Адал кәсіпкер болу "қымбаттап" барады – сарапшы

/
Адал кәсіпкер болу "қымбаттап" барады – сарапшы
Digital Business

Бюджет кірісі күрт өсіп, Үкімет жоспарды артығымен орындадық деп есеп берді. Алайда сарапшылар бұл көрсеткіштің артында нақты экономикалық өсім емес, салықтан үнемдеуге ұмтылған бизнестің әрекеті тұрғанын айтуда. Жаңа Салық кодексі, ҚҚС-тың өсуі, кәсіпкерлерге түскен жүктеме – осының бәрі нарықтағы ахуалды өзгертіп жатыр. Осы тақырыптар төңірегінде салық сарапшысы Айдар Масатбаев өз пікірімен бөліскен болатын.

– Бірінші тоқсанда бюджетке төрт триллион теңгеден астам қаражат түсті. Үкімет жоспар 101% орындалды деп отыр. Мұндай нәтижеге қалай қол жеткізілді? Негізгі табыс қайдан түсіп отыр?

– Бірінші тоқсандағы түсімдерге келсек, мұнда жаңа Салық кодексінің ешқандай қатысы жоқ. Мәселе мынада: ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға көтерілетіні белгілі болған соң, келісімшарттарында міндеттемелерді орындау мерзімі 2026 жылдың бірінші тоқсанына немесе тіпті бірінші жартыжылдығына белгіленген барлық салық төлеушілер қосымша келісімдер жасап, мерзімдерді 2026 жылдың бірінші жартыжылдығынан 2025 жылдың 31 желтоқсанына ауыстыруға жаппай кірісті.

Соның нәтижесінде, әдетте 2026 жылдың толық жылы үшін төленуі тиіс корпоративтік табыс салығы бірден есепке алынып, мерзімнің 2026 жылдан 2025 жылға ауысуына байланысты 2025 жылы төленіп кетті.

Ал ҚҚС бойынша да солай: егер жұмысты 2026 жылы орындасаң, 16% төлеу керек болар еді. Ал 2025 жылы актіге қол қойып, шот-фактура жазсаң, сәйкесінше 12% ҚҚС осы жылы туындайды.

Яғни, мұндай түсімдердің артуы адамдардың салықты үнемдеуге тырысқанымен тікелей байланысты. Мұны мен өз тәжірибеммен де растай аламын: желтоқсан айында біз клиенттермен түн ортасына дейін жұмыс істеп, қосымша келісімдер жасап, міндеттемелерді орындау мерзімін 2026 жылдың бірінші жартыжылдығынан 2025 жылға жаппай ауыстырдық.

Сондықтан 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы мұндай көлемдегі түсімдердің негізгі себебі – салықты үнемдеуге деген ұмтылыс.

Яғни, бірінші тоқсандағы жоғары түсімдер – салық төлеушілердің міндеттемелерін ертерек, яғни 2025 жылдың төртінші тоқсанында орындап, ҚҚС-ты төмен мөлшерлемемен төлеуге ұмтылғанының нәтижесі.

– Бірінші тоқсан аяқталды. Жаңа салық режимі іс жүзінде өзін қалай көрсетті?

– Әзірге нақты қорытынды жасауға әлі ерте. Дегенмен, байқалып отырған бір жайт бар: жаңа Салық кодексі көптеген компания үшін белгілі бір шекке айналған сияқты. Яғни, олар бұған дейін әрең жұмыс істеп келген болуы мүмкін, ал жаңа өзгерістер соңғы нүкте қойып, бизнесті жабуға итермеледі. Бұл жерде Салық кодексі негізгі себептен гөрі сылтау іспетті, өйткені кейбір компаниялардың бизнес-моделі онсыз да әлсіз болған.

Сонымен қатар, бірқатар кәсіпорындар, әсіресе маркетплейстер арқылы жұмыс істей алатындары, шығынды азайту үшін қала орталығындағы кеңселер мен бутиктерден бас тартып, қойма форматына көшіп жатыр. Себебі қала сыртындағы қойманы ұстау әлдеқайда арзан.

Ал салық режиміне келсек, жаңартылған арнайы жеңілдетілген режим расында тиімді. Егер барлық талапты сақтап, тек жеке тұлғалармен жұмыс істесең, айналымнан шамамен 4% ғана төлейсің, ҚҚС төлемейсің, әрі 2,5 млрд теңгеге дейінгі айналымға мүмкіндік бар. Бірақ бір үлкен шектеу – жалпыға бірдей салық режимінде жұмыс істейтін заңды тұлғалармен әріптестік жасай алмайсыз. Соның салдарынан шағын бизнеске ірі компаниялармен жұмыс істеуден экономикалық тұрғыда тиімсіз болып қалады.

Егер ірі бизнеспен жұмыс істегің келсе, онда жалпыға бірдей режимге өтесің: таза табыстан 20% корпоративтік табыс салығы, оған қоса ҚҚС 16% төлеу керек. Бұл, әрине, оңай емес.

Қысқасы, жеңілдетілген режим жеке тұлғалармен және өзің сияқты шағын кәсіп иелерімен жұмыс істейтіндерге тиімді. Ал ірі компаниялармен байланысы бар бизнес үшін тиімсіз.

Жалпы салық режиміне нақты баға беру үшін әлі уақыт керек. Дегенмен мемлекет алдын ала бірқатар жеңілдік шараларын енгізді. Мысалы, жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдердің бағасын уақытша ұстап тұр. Сонымен қатар «таза парақтан бастау» деген тәсілді енгізді, яғни бизнеске жаңа мүмкіндік беріп, бірден қыспай, жұмыс істеуге жағдай жасауға тырысып отыр.

Соған қарамастан, салық жүктемесінің жоғары болуы және ҚҚС бойынша шектердің төмендігі кейбір компаниялар үшін басты себеп болмаса да, бизнесті жабуға түрткі болған факторлардың біріне айналды.

– ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі инфляцияға енді әсер етпейді деген пікірмен келісесіз бе?

– Нақты айту қиын. Өзім негізі заңгермін, бірақ экономистермен сөйлескенде бір нәрсе анық екенін көреміз: ҚҚС қаншаға өссе де, мейлі ол аз ғана, жарты пайызға болсын, бәрібір инфляцияның өсуіне әсер етеді.

Мәселе мынада: бізде импорттық тауарлар мен құрамдас бөлшектер де қымбаттады. Ал бұл өз кезегінде жалпы бағаның өсуіне ықпал етеді.

Яғни, жағдай бір ғана факторға байланысты емес, бұл – бірнеше себептің қосындысы. Бірақ «ҚҚС-тың өсуі инфляцияға әсер етпейді» деу дұрыс емес. Керісінше, оның әсер ететіні экономика оқулықтарында да жазылған.

– Сонда соңғы уақытта бизнес пен жұмыс берушілерге түсетін жалпы жүктеме қаншалықты артты деуге болады?

– Салық жүктемесінің қаншалықты өсуі туралы айтсақ, ең алдымен ҚҚС бойынша жағдай шынымен күрт өзгергенін көруге болады. Бұрын жалпыға бірдей режимде жұмыс істеп, айналымы 80 млн теңгеден аспайтын компаниялар ҚҚС төлемейтін. Қазір бұл шек 43 млн теңгеге дейін төмендеді. Соның салдарынан ҚҚС төлейтін кәсіпкерлер саны артты, сәйкесінше салық жүктемесі де көбейді.

Бірақ ең күрделі мәселе – жалақы қорына түсетін салмақта. Жаңа Салық кодексі бұл мәселені өзгертпегенімен, бұрыннан келе жатқан проблеманы сол күйінде қалдырды. Сарапшылардың айтуынша, кәсіпкер қызметкерге қолына 1000 теңге жалақы беру үшін, барлық төлемдерді қосқанда шамамен 39,5%-дан 41%-ға дейін қосымша шығын көтеруге мәжбүр.

Ал бұл жүктеме алдағы уақытта одан әрі өсуі мүмкін. Себебі жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары деген тағы бар. Ол да жұмыс берушінің есебінен төленеді, бірақ нақты пайдасын кім көретіні айқын емес: оны қызметкер де, жұмыс беруші де тікелей сезінбейді.

Осы мәселені Парламентте депутат Қошманбетов те көтеріп, жүктемені қайта қарауды ұсынған. Мысалы, барлық төлемді біріктіріп, шамамен 25% деңгейінде шектеу, оның ішінде 10% зейнетақы жарнасы, 10% жеке табыс салығы және қалған бөлігін біртұтас төлем ретінде қарастыру ұсыныстары айтылды. Бұл қаншалықты тиімді болатыны әзірге белгісіз, бірақ мәселені шешу қажет екені анық.

Өйткені қазіргі жүктеме деңгейі дамыған елдермен салыстырсақ, мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) зерттеулеріне сүйенсек, біздегі жалақыға түсетін жалпы жүктеме шамамен 41% деңгейінде, бұл Ұлыбритания сияқты елдермен шамалас. Алайда ондай елдерде бизнеске берілетін мүмкіндіктер, құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер әлдеқайда жоғары. Ал бізде мұндай тепе-теңдік жоқ.

Сондықтан кәсіпкерлер тарапынан «осынша салық төлейміз, бірақ қайтарымы қандай?» деген орынды сұрақ туындап отыр.

– Қалай ойлайсыз, Қазақстанда «адал» жұмыс істеу кәсіпкерлер үшін тым қымбат болып бара жатыр деген пікір қаншалықты орынды?

– «Адал» жұмыс істеу мәселесіне келсек, шынымды айтсам, бұл жерде қауіп бар. Өзім де көріп отырмын: әсіресе жеке тұлғалармен жұмыс істейтін кәсіпорындарда, немесе қолма-қол есеп айырысуға мүмкіндік бар жерлерде адамдар көбіне қолма-қол жұмыс істеуді таңдайды. Себебі салық жүктемесі өсіп келеді.

Бұл – алдыңғы сұрақтағы жалақы қоры мен ҚҚС мәселесінің жалғасы. Әсіресе қызмет көрсету саласында қиын: мұнда кіріс ҚҚС-ты есепке жатқызатын мүмкіндік жоқтың қасы, сондықтан компаниялар оны толықтай өз қалтасынан төлейді. Яғни азайтып, өтейтін тетігі жоқ.

Осындай жағдайда екі үлкен «азғыру» пайда болады. Біріншісі – қолма-қол жұмыс істеп, оны бухгалтерия арқылы өткізбеу. Екіншісі – қызметкерлерді басқа форматқа ауыстыру. Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы режим бар, олар небәрі 4% төлейді. Ал классикалық еңбек қатынасында жүктеме шамамен 40-45%-ға дейін жетеді. Айырмашылық өте үлкен.

Сондықтан кейбір компаниялар еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық келісімшарт (ГПХ) жасап, қызметкерлерін «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» ретінде рәсімдеуге тырысады.

Дегенмен, жақында Парламент бұл мәселені шектеу үшін өзгерістер енгізді: егер қызметкермен еңбек шарты бар болса, сол адаммен қатар азаматтық-құқықтық келісімшарт жасауға болмайды. Яғни бір адамды әрі қызметкер, әрі «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» ретінде көрсетуге тыйым салынды.

Бірақ бұлардың бәрі – әкімшілік шаралар ғана. Негізгі мәселе сол күйінде қалып отыр: жоғары салық жүктемесі жағдайында шығынды қалай азайтып, пайданы қызметкерлерге немесе негізгі құралдарға бағыттауға болады – бұл әлі де күрделі әрі көп кәсіпкер үшін түсініксіз мәселе болып қала береді.

– Негізінде жұмыс берушілерге түсетін салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік бар ма? Қазір қандай шешімдер талқыланып жатыр, өзіңіз қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Қошманбетовтің ұсынысынан бөлек, менің жеке ойым – салық жүйесін шегерімдермен ұштастыру. Яғни шығындарды есепке алу арқылы салық жүктемесін жеңілдету. Мысалы, өте әділ тетік бар: егер азамат еліміздегі жоғары оқу орнында баласының оқу ақысын төлесе, сол соманы жұмыс беруші арқылы салық салынатын табыстан шегеруге мүмкіндік беру керек. Осылайша адамның салық жүктемесі азаяды.

Мұндай шығындардың тағы бір артықшылығы – олар тұрақты емес. Яғни адам 4-5 жыл оқуға төлейді, кейін бала оқуын бітірген соң бұл шығын тоқтайды. Демек, шегерімдер бюджетке ұзақ мерзімді ауыртпалық түсірмейді, белгілі бір кезеңмен шектеледі. Бұл жағынан олар табысты тікелей азайтудан гөрі тиімдірек.

Әрине, көпбалалы отбасыларға арналған тұрақты шегерімдер де бар, бірақ жалпы алғанда, көптеген шегерімдердің табиғаты – уақытша. Сондықтан толық салықты азайтпасақ та, осындай мақсатты шегерімдер арқылы жүктемені ішінара жеңілдетуге болады.

Яғни белгілі бір әлеуметтік маңызды шығындарды – оқу, медицина, мүмкін басқа да бағыттарды – шегерім ретінде енгізу арқылы адамдарға нақты қолдау көрсетуге болады.

Жалпы, классикалық салық моделін осындай шегерімдер жүйесімен үйлестірсек, мысалы, америкалық тәжірибедегідей, жалақының бір бөлігін «босатып», қызметкерге көбірек табыс қалдыруға мүмкіндік туар еді. Бұл өз кезегінде жұмыс берушіге түсетін қысымды да азайтып, жалпы жүйені теңгерімді етуге көмектеседі.

– Сұқбатыңызға рақмет!