Қазақстанда «Қыз Жібек» фильміндегі Жібектің қамзолына қатысты дау әлі басылар емес. Бірі Баян Алагөзова тарихи жәдігерді сақтап қалады десе, енді бірі ұлттық мұраның жеке қолға өтіп кеткеніне наразы. Бірақ ең маңызды мәселе ескерусіз қалып отыр. Бұл туралы Қазақстан мен Орталық Азия бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат сарапшысы Әсел Темірова пікір білдірді.
Оның айтуынша, бұл жерде әңгіме сәндік киім немесе ескі бұйым жайында емес, мемлекеттік мүлік пен мәдени мұра туралы болып отыр.
– «Қыз Жібек» қамзолына қатысты жағдай бойынша пікір білдіргім келеді. Себебі бұл жерде эмоцияның тасасында қалып қойған бірнеше маңызды мәселе бар. Біріншіден, біз меншік иесінің ауысу тізбегі мәселесін көріп отырмыз. Яғни Chain of Custody. Заттың «еш жерде құжатта тіркелмегені» оны заңды иеленудің дәлелі бола алмайды. Керісінше, ең үлкен күмән туғызатын жайт – осы, – дейді Ә.Темірова.
Сарапшының сөзінше, мемлекеттік киностудия аумағынан шыққан жәдігерге қатысты құжаттың болмауы халықаралық тәжірибеде provenance gap деп аталады.
– Дәл осындай өлшем арқылы INTERPOL және UNESCO заңсыз иемденілген мәдени құндылықтарды бақылайды, – дейді ол.
«Ешкімге керек болмады» деген уәж жүрмейді
Соңғы күндері әлеуметтік желіде «қамзол ешкімге керек болмаған, жоғалып кетер еді» деген пікірлер де айтылды. Алайда Темірова мұндай уәждің заң алдында салмағы жоқ екенін айтады.
– «Ешкімге керек болмады» деген уәж заң тұрғысынан негізсіз. Мемлекет өз мүлкін дұрыс сақтамады екен деп, ол мүлікке жеке адам иелік ету құқығына ие болмайды. Бұл – мүлік құқығының негізгі қағидасы. Мысалы, ұлттық музейдегі картина жылдар бойы жертөледе шаң басып жатса, бұл оны жекешелендіруге себеп бола алмайды, – дейді сарапшы.
Қамзол ұлттық мұра болуы мүмкін
Ә.Темірованы айтуынша, Қазақстан халықаралық міндеттемелерді де ескеруі тиіс.
– Қазақстан UNESCO-ның 1970 жылғы мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және меншік құқығын беруге тыйым салу жөніндегі конвенциясына қатысушы ел. Демек, мемлекеттік мекеме аясында жасалған және мәдени маңызы бар кез келген бұйым әуелден ықтимал ұлттық мұра ретінде қаралады, – дейді ол.
Министрлік пен Қазақфильм не істеуі керек?
Маман бұл жерде ең дұрыс жол – эмоция емес, ресми тексеріс екенін айтады.
– Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл заттың шығу тегін анықтау үшін ресми тексеріс бастауға тиіс. Қазақфильм соңғы қырық жылдағы архивтер мен есептен шығару актілерін ішкі тексерістен өткізуі керек. Қазіргі иесі оны заңды жолмен алғанын дәлелдейтін барлық құжатты ұсынуға міндетті. Егер ондай құжаттар болмаса, зат тергеу аяқталғанша мемлекет қарауына өткізілуі тиіс, – дейді сарапшы.
Баян Мақсатқызы не істеуі керек еді?
Әсел Темірова қазіргі жағдайдың басқаша өрбуі мүмкін болғанын да айтты.
– Енді Баян Мақсатқызы шынымен мәдени мұраны көздесе, не істеуі керек еді? Ол ең алдымен жария мәлімдеме жасамай тұрып, өзі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі-не хабарласуы керек еді. Табылған затты тіркетіп, музейге тапсыруды немесе бірлескен сақтауды ұсынуы қажет болатын. Сонда ол ұлттық жәдігерді сақтап қалған адам ретінде ресми мәртебе алар еді, – дейді ол.
Нағыз меценаттар қалай әрекет етеді?
Ә.Темірова дамыған елдердегі тәжірибені де мысалға келтірді.
– Нағыз меценаттар қолданатын тағы бір жол бар. Жәдігерді қалпына келтіруге қаржы бөліп, мемлекетке өткізеді. Оның орнына музейдегі атаулы зал, өз шараларында көрсету құқығы және мәдени қайраткер мәртебесін алады.
Дамыған елдерде мәдени құндылықтар жеке адамдардың қолында кездеседі. Бірақ ол аукцион, нотариалдық рәсім, мұрагерлік немесе ресми сатып алу-сату арқылы жүзеге асады. «Отыз жыл бұрын қоқыстан құтқарып алдым» деген әңгімемен емес, – дейді сарапшы.
Бұл іске Антикор араласуы мүмкін
Ә.Темірова қосымша бір жайтқа да назар аударды. Егер қамзолды кезінде студия қоймасында жұмыс істеген қызметкер алып кеткені рас болса, онда мәселе басқа арнаға ауысуы ықтимал.
– Қосымша бір жайт. Егер расымен бұл затты Қазақфильм қоймасында 30 жыл жұмыс істеген қызметкер алып кеткен болса, жағдай мүлде басқа сипат алады. Мемлекеттік мекеме қызметкері еденде жатса да, ешкімге керек болмаса да, мемлекеттік мүлікті үйіне алып кетуге құқылы емес. Бұл мемлекеттік мүлікті иемдену немесе ысырап ету ретінде қаралуы мүмкін. Сондықтан мұнда Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі де назар аударуы тиіс. Себебі сөз мемлекеттік мекеме мүлкін ықтимал заңсыз иелену туралы болып отыр, – дейді сарапшы.
Журналистерге алғыс айтты
Әсел Темірова бұл мәселені көтерген журналистердің рөлін де ерекше атап өтті.
– Бұл мәселені көтерген журналистерге де ерекше алғыс айту керек. Мәдени мұраны қорғау жүйесі дамыған елдерде дәл медиа қоғам бақылауының алғашқы әрі кейде жалғыз құралы саналады. Егер осы жарияланымдар болмаса, мәселе мүлде көтерілмеуі де мүмкін еді. Бұл – еркін баспасөздің басты қызметі, – дейді ол.
ӘТемірованың пікірінше, бұл дауға әлеуметтік желідегі айқай емес, ашық әрі ресми тексеріс нүкте қояды.
– Қорытындылай айтқанда, бұл жағдайға әлеуметтік желідегі айтыс емес, заттың шығу тегін анықтайтын ресми тексеріс қажет. Ол ұлттық заңнама мен халықаралық конвенциялар аясында жүргізілуі тиіс. Ал қорытындысы қоғамға ашық жариялануы керек. Өйткені қоғам өз мұрасының қайда екенін және қандай негізде сақталып отырғанын білуге құқылы, – деп түйіндеді сарапшы.