2018 жылдың 17 сәуірі. Southwest Airlines әуе компаниясының 1380-рейсі әдеттегідей сапарға шыққан еді. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін шамамен 20 минут өткенде кенеттен қатты тарс еткен дыбыс естілді. Сол сәтте сол жақ қозғалтқыш жарылып, оның сынықтары ұшақтың фюзеляжын тесіп өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жарылыс салдарынан салон ішіндегі қысым күрт төмендеп, оттегі маскалары түсіп кетті. Жел екпіні салонды шарпып, жолаушыларды үрей биледі. Терезе маңында отырған әйелді ауа ағыны сыртқа қарай тартып әкетуге шақ қалды. Қасындағы адамдар оны бар күштерімен ұстап, ішке сүйреп қалуға тырысты. Бірі айқайлап, бірі дұға жасап, бірі не істерін білмей сілейіп қалған сәт еді.
Ал пилоттар кабинасында жағдай мүлде басқаша өрбіді. Дабылдар қосылып, көрсеткіштер өзгеріп, ұшақ қатты селкілдеп тұрды. Дәл сол кезде радиобайланысқа шыққан сабырлы да нық дауыс естілді:
"Southwest 1380. Бізде ұшақтың бір бөлігі істен шықты. Жылдамдықты аздап төмендетеміз. Филадельфияға бет алып барамыз".
Бұл – капитан Тэмми Джо Шульцтің дауысы болатын. Ол – АҚШ Әскери-теңіз күштерінде қызмет еткен, жойғыш ұшақтарда ұшқан тәжірибелі ұшқыш. Мұндай дайындық ең қиын сәтте де салқынқанды болуға үйретеді.
Капитан істен шыққан қозғалтқышты өшіріп, ұшақты басқаруға алды. Төмендеу тым баяу болса – салондағы адамдар тұншығуы мүмкін, ал тым жылдам болса – зақымданған ұшаққа қосымша қауіп төнетін еді. Сондықтан әр секунд, әр қимыл нақты есеппен жасалды.
Нәтижесінде ұшақ Филадельфия әуежайына сәтті қонды. Құтқару қызметтері жедел әрекет етті. Өкінішке қарай, жолаушылардың бірі – екі баланың анасы Дженнифер Риордан алған жарақатынан қайтыс болды. Алайда сол бір сұмдық минуттарда қалған 148 жолаушының өмірі аман сақталды.
Оқиғадан кейін көпшілік капитанды батыр деп атады. Ал Тэмми Джо Шульц бұл жетістікті тек өзіне телімей, екінші пилотқа, бортсеріктерге және бір-біріне қолдау көрсеткен жолаушылардың бәріне алғысын білдіріп, мұны нағыз командалық жұмыс деп бағалады.