Қазақстанда конституциялық реформаға қатысты талқылаулар әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әлеуметтік желі қолданушылары бір бөлігі жаңа конституцияның жобасындағы тілге қатысты баптарға нақты айтқан 9 баптың 2 тармағын алып тастауды талап етіп жатса, енді бөлігі жаңа конституцияның жобасын қолдап жатыр. Сөйтіп қоғам бұл мәселеде тағы да екіге бөліп, дау өршіп тұр. Әрине, бұл мәселеден депутаттар да қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, бүгін мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бір топ депутаттың атынан "қазақстандық қоғам мен салауатты азаматтық белсенділерге сөз арнағымыз келген" деп мәлімдеме жасады. Депутаттардың қоғамға арнаған сөзіне біраз нәрсе айтылған.
Елге айтылған үшбу арнау сөзде: "Дауылы дүлей қазіргі қатқыл халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі күн сайын қырық құбылған геосаяси әлемде біз бұл «пәленің» қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз әпербақан, әумесер әлдекімдерге білек күшін безейтіндей ел емеспіз", - дейді депутаттар. Осы сөйлемнен бірнеше заңды сұрақ туады. Ол сұрақтар: "Пәле" деген кім? "әпербақан, әумесер әлдекімдер" - кімдер? "Біз әпербақан, әумесер әлдекімдерге білек күшін безейтіндей ел емеспіз" сонда Қазақстанда "әпербақан, әумесер әлдекімдерден" өзін қорғай алмай ма? Депутаттар Қазақстанның мемлекеттік қорғаныс қабілеті төмен деп отыр ма? Бұл сауалдардың басы ашық оған депутаттар өздері жауап бере жатар.
Біздің айтпағымыз мынау: депутаттар "Пәле", "әпербақан, әумесер әлдекімдер" деп Ресейдің қазіргі саяси билігін меңзеп отырған болса, онда Қазақстан Ресей агрессиясына сылтау тауып бермес үшін, Путин билігінің болжап болмайтын әрекетінен қорқып, тіл туралы баптарды өзгерте алмай отырса, ендеше Путин билігі құлағанда Қазақстан конституциясы қайта өзгере ме?
Жарайды, конституцидағы тіл туралы баптар өзгеріссіз қалады делік. Ал облыс, қала, аудан, ауылдардың совет өкіметінен қалған атауларын өзгертуге не кедергі? Бұл Қазақстанның сыртқы емес, ішкі саясатына жататын мәселелер. Тағы бір мәселе бар. қолданыстағы ата заңда және жаңа конституция жобасында да "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" делінген. Яғни, мемлекеттік органдарда ғана тең қолданыста. Демек мемлекеттік органдардан басқа қоғам өмірінің барлық салаларында қазақ тілінің қолданысын толық қамтамасыз етуге не кедергі? Билік азаматтарға Қазақстанда екі мемлекеттік тіл жоқ екенін неге түсіндірмейді? Сондай түсіндірме жұмыстардың жоқтығынан ел ішінде конституциядағы тіл туралы мемлекеттік органдарда ғана тең қолданыста дегенді жалпақ жұрт Қазақстанда екі тіл бар деп қабылдайды. Қолданыстағы конституцияның тіл туралы баптарының орындалуын жүзеге асыруға не кедергі?
Қорыта айтқанда, депутаттардың қоғам арнау сөзі ешнәрсені ашып түсіндіре алмаған, не айтқысы келгендері түсініксіз бұлыңғыр. Ал билік қолданыстағы конституцияның тілдің қолданысын халыққа дұрыс түсіндіре алмай немесе тілдің қолданыс аясын заңда нақты көрсете алмай келеді және ішкі мәселе саналатын облыс, қала, аудан, ауылдардың совет өкіметінен қалған атауларын өзгертуге де шамасы келмей отыр. Бұл бүгін ғана пайда болып, енді ғана дау болып жатқан жоқ. Бұл мәселелердің барлығы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері, 35 жыл бойы біржақты шешілмей, екіұшты күйде Назарбаев билігі тұсынан "мұра" келе жатқан қоғамдық-саяси мәселелер. Бүгінгі билікте бұл мәселелерді шеше алмайтынын конституциялық реформаны талқылау барысынан анық аңдатып отыр.