10 ақпан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жиында еліміздің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады.
Президент Үкіметтің кеңейтілген отырыстарын әдетте жыл басында өткізеді.
Алдыңғы отырыс 2 сағат 25 минутқа созылып, оның барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды мәселелерді көтерген болатын. Мемлекет басшысы шектеулер мен айыппұлдар енгізу кезінде ақылға қонымдылық пен парасатты ұмытпау керектігін атап өтті. Сондай-ақ туризм саласын жедел дамыту, жасанды интеллектіні енгізу үдерісін жеделдету қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, кезінде мемлекет қолдау көрсеткен банктер енді ел экономикасына нақты үлес қосуы тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар Президент Үкіметке инвестиция тарту бағытында белсендірек жұмыс істеуді, әрі жауапкершіліктен қашпай, батыл шешім қабылдауды тапсырды.