Қырғызстанның Конституциялық соты ел президенті Садыр Жапаровтың ұсынысы бойынша Конституцияның президенттік сайлау мен оның өкілеттік мерзіміне қатысты баптарына түсініктеме берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қоғамдағы түсініспеушілік Қырғызстан Конституциясының ескі нұсқасына сәйкес президенттік өкілеттік мерзімінің алты жыл болуына және мемлекет басшысының тек бір рет қана сайлана алуына байланысты туындаған. 2021 жылғы референдумнан кейін Конституцияның жаңа редакциясы күшіне еніп, мерзім бес жылға дейін қысқарды, бірақ енді екі рет сайлануға рұқсат берілді. Ақпан айының басында бір топ азамат президентке мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етіп, петиция жолдаған болатын. Осыған байланысты Садыр Жапаров Конституциялық соттан түсініктеме беруді сұрады.
«Қырғыз Республикасының Президенті 2010 жылғы Конституция қолданыста болған кезде сайланып, 2021 жылғы 28 қаңтарда алты жылдық мерзімге өз қызметіне кірісті. Тиісінше, 2021 жылғы Конституция күшіне енген күннен бастап Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы жария биліктің жаңа конституциялық архитектурасы аясында жалғасты», — деп атап өтті Конституциялық соттағылар.
Сот өкілдерінің мәлімдеуінше, 2021 жылғы Конституция негізінде президенттің қолданыстағы мандаты мен өкілеттік мерзімін қысқартуға әкелетін түсіндіру «ойын ережелерін» кері күшпен өзгерту болып табылады. Бұл құқықтық айқындық принципі мен сайлаудың легитимділігі талаптарына қайшы келеді.
«Осылайша, 2021 жылғы Конституцияның 67-бабымен белгіленген бес жылдық өкілеттік мерзімі 2010 жылғы Конституция кезінде басталған президенттік мандатқа қолданылмайды. Басталған мерзім алғашқы белгіленген ұзақтықта, яғни алты жыл ішінде аяқталуға тиіс. Сонымен қатар, қазіргі Президент өз өкілеттіктерін 2021 жылғы Конституцияға сәйкес жүзеге асыруды жалғастырады, ал оның алты жылдық мерзімі «Қырғыз Республикасының Конституциясы туралы» заңның 3-бабы 1-бөлігіне сәйкес екі мерзім туралы ереже бойынша бірінші мерзім болып есептеледі», — деп мәлімдеді Конституциялық сот.