Вашингтондағы Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында АҚШ Президентінің бастамасымен құрылған жаңа халықаралық құрылым «Бейбітшілік кеңесінің» алғашқы отырысы өтті. Дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылған жиын Ақ үйден тікелей эфирде көрсетілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кездесуді ашқан Трамп соғыстан кейінгі Газа секторын тұрақтандыру және қалпына келтіру үшін мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке құрғақ декларациялар арқылы емес, нақты практикалық шаралар арқылы қол жеткізілуі тиіс.
АҚШ Президенті Вашингтонның кеңеске 10 миллиард доллар бөлуге дайын екенін хабарлап, бұл соманың «соғыс шығындарымен салыстырғанда әлдеқайда аз» екенін атап өтті. Ақ үй басшысы, сонымен қатар, бұл орган БҰҰ қызметін қадағалап, оның «тиісті деңгейде жұмыс істеуіне» ықпал ететінін айтты. Мұның қалай жүзеге асатынын нақтыламағанымен, қажет болған жағдайда кеңес БҰҰ-ға қаржылай қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Отырыстың негізгі қорытындыларының бірі — Халықаралық тұрақтандыру күштерінің қолбасшысы, генерал-майор Джаспер Джефферстің мәлімдемесі болды. Оның айтуынша, бес ел Газа секторындағы миссияға қатысу үшін өз әскери контингенттерін жібереді. Олардың қатарына Индонезия, Марокко, Қазақстан, Косово және Албания кірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейбітшілік кеңесінің» алғашқы отырысында сөз сөйлеп, Дональд Трампқа іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты және бұл кеңестің «жаңа жаһандық шындықтарға сай келетінін» атап өтті.
Президент Қазақстанның Газаны тұрақтандыруға және қалпына келтіруге қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, республика далалық госпиталі бар медициналық бөлімшелерді, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушыларды жіберуді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, Қазақстан азық-түлік жеткізуді қоса алғанда, гуманитарлық көмек көрсетуге, сондай-ақ бес жыл ішінде палестиналық студенттерге 500-ден астам білім беру грантын бөлуге дайын екенін білдірді.
Сондай-ақ Тоқаев бітімгершілік қызметтегі еңбегін ескере отырып, Президент Трамп атындағы «Бейбітшілік кеңесінің» арнайы марапатын тағайындауды ұсынды.
Трамптың айтуынша, тоғыз ел, соның ішінде Қазақстан, Әзербайжан, БАӘ, Марокко, Бахрейн, Катар, Сауд Арабиясы, Өзбекстан және Кувейт Газа секторын қалпына келтіруге жалпы сомасы тағы жеті миллиард доллар бөлуге уәде берді.