Logo
Іздеу
Айдарлар

Жалпыұлттық коалиция: Жаңа Конституция Қазақстанның әділетті әрі орнықты дамуының негізіне айналады

/
Жалпыұлттық коалиция: Жаңа Конституция Қазақстанның әділетті әрі орнықты дамуының негізіне айналады
Фото: Ресми деректен алынды.

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Қостанай облысының тұрғындарымен жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктерін талқылады. Түрлі алаңдарда өткен кездесулерге зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер мен жастар қатысты.

Аталған топ алдымен Қостанай қаласында қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерімен және кәсіпкер әйелдермен кездесті. Жиынға 200-ге жуық азамат қатысты. Ашық әрі мазмұнды әңгіме барысында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Жұртшылық Ата Заңның ел болашағы үшін маңызы, тарихи дәстүрлер сабақтастығы, қоғамның топтасуы мен елдің дамуындағы рухани құндылықтардың алатын орны туралы айтты.

Іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық коалиция мүшесі Екатерина Смышляева жаңа Конституцияда Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының мәдени коды бар екенін айтты. Оның айтуынша, жаңа Конституциядағы білімнің, ғылымның және инновацияның құндылықтары туралы нормалар осы салаларды бюджеттен қаржыландыруды негізсіз қысқартудан қорғайды.

«Жаңа Конституция Әділетті Қазақстанның берік құқықтық негізін қалыптастырады. Ол заң үстемдігін нығайтуға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және әрбір азаматтың өз әлеуетін жүзеге асырып, ел дамуына үлес қосуға жағдай жасауға бағытталған», – деді депутат.

Талқылау барысында Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева конституциялық реформалар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыратынын және азаматтық қоғамның маңызды шешімдер қабылдауға қатысуын кеңейтетінін атап өтті.

Одан әрі Жалпыұлттық коалицияның жұмысы Боровское ауылында жалғасты. Коалиция мүшелері ауыл тұрғындарымен және бірқатар еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының мазмұнын жан-жақты түсіндірді. Жиынға 300-ге жуық тұрғын қатысты.

Өз сөзінде Мәжіліс депутаты, Коалиция мүшесі Еркін Әбіл алдағы референдумның тарихи маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл саяси науқан – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын жауапты кезең. Референдум арқылы азаматтар мемлекеттің болашақ бағытын айқындауға тікелей қатысып, қоғамдық келісім мен әділеттілік қағидаттарын нығайтуға өз үлесін қосады.

Ал Мәжіліс депутаты, Коалиция мүшесі Айдарбек Ходжаназаров преамбулада Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы көрініс табуы мемлекеттің бірегейлігін айқындап, даму бағдарын белгілейтінін жеткізді. Ол кез келген қуатты мемлекеттің тағдыры оның заңдарымен, тарихи сабақтастығымен және халықтың асқақ рухымен айқындалатынын атап өтті.

Бұдан соң Коалиция мүшелері Әулиекөл ауылындағы аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Жиын барысында аталған топ жобадағы негізгі новеллалар туралы баяндады. Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев адам құқығына кепілдік беру аясы кеңейгеніне және азаматтардың әлеуметтік тұрғыда қорғалуына назар аударды.

Сондай-ақ аталған топ Қостанай облысының Лисаковск, Тобыл қалаларында және Қарабалық, Федоров аудандарында да еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді. Оның барысында азаматтар жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысына жауап беретінін, мемлекеттің құқықтық негізін нығайтып, азаматтардың өзін дамытуына қажет жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Іс-шараларға қатысушылар 15 наурызда референдумға келіп, Қуатты, Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құруға бағытталған жаңа Ата заңды қолдауға дайын екендерін білдірді.

Еске сала кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы 12 ақпанда құрылды. Оның құрамына 5 саяси партия мен шамамен 300-ге тарта қоғамдық ұйым кірді. Олар шамамен 5 миллион қазақстандықты біріктіреді.