Қырғызстанда жоғары лауазымды екі шенеунік қызметінен босатылды. Kaktus.media басылымының хабарлауынша, Бакыт Торобаев Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төраға орынбасары және Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі қызметтерінен босатылған. Бұл ақпаратты басылымға президент әкімшілігі растаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Торобаевтың қызметтен кетуі әлеуметтік желілерде тараған даулы аудиожазбадан кейін орын алды. Желіде оның туысы Еркінмен әңгімесі делінетін жазба тараған. Онда экс-ҰҚК төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің ұлы Тай-Мурас Тәшиев, қазіргі денсаулық сақтау министрі Қаныбек Досмамбетов және жер телімін төмен бағамен сатуға мәжбүрлеу мәселесі айтылғаны туралы ақпарат шыққан.
Аталған жазбаға Тай-Мурас Тәшиев те, Бакыт Торобаев та пікір білдіріп, айыптауларды жоққа шығарған еді. Соған қарамастан, көп ұзамай Торобаев қызметінен босатылды.
Бакыт Торобаев Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрлігін 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап басқарған. Бұған дейін ол бірнеше рет Жогорку Кенеш депутаты болып сайланған, төраға орынбасары қызметін атқарған, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрі болған. 2022 жылдың 30 наурызынан 2026 жылдың 24 ақпанына дейін Министрлер кабинетінің төраға орынбасары қызметін атқарды.
Сол күні тағы бір маңызды кадрлық өзгеріс тіркелді. Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі Қаныбек Досмамбетов те қызметінен кетті. Басылым деректеріне сәйкес, ол 24 ақпанда өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш жазған.
Айта кетейік, Досмамбетов бұған дейін Жалал-Абад облысы бойынша ҰҚК басқармасының бастығы қызметін атқарған.