Logo
Іздеу
Айдарлар

Мәулен Әшімбаев президенттің атынан Иран халқына көңіл айтты

/
Мәулен Әшімбаев президенттің атынан Иран халқына көңіл айтты
senate_kz

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстандағы Иран елшілігіне барып, көңіл айту рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сапар барысында Сенат төрағасы Қазақстан Президентінің атынан Иран халқына, сондай-ақ қайғылы оқиға салдарынан көз жұмған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Кездесу кезінде Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукармен пікір алмасты. Онда Қазақстан тарапы Иранда орын алған қайғылы жағдайды үлкен алаңдаушылықпен және терең қайғымен қабылдағанын жеткізді.

Ресми мәліметке сәйкес, апат салдарынан Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы аятолла Сейед Али Хаменеи, сондай-ақ ел басшылығының бірқатар өкілдері мен бейбіт тұрғындар, оның ішінде балалар да қаза тапқан.

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы халықаралық жанжалдарды тек саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін әрдайым қолдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай мәселелер халықаралық құқық нормалары мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын қатаң сақтай отырып реттелуі тиіс.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Иранның Қазақстан үшін жақын көрші әрі маңызды стратегиялық серіктес екенін айтып, еліміздің аймақтағы шиеленісті бейбіт жолмен шешуге ықпал етуге дайын екенін жеткізді.