Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "Кабар" агенттігіне берген сұхбатында Даниэль Ажиевтің түрмеден тікұшақпен ұшып кеткені туралы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысы оның өзіне Ажиевтің анасы хабарласқанын айтты.
"Ол менің WhatsApp нөмірімді қайдан алғанын білмеймін, бірақ маған тікелей видеоүндеу жіберді. Ол: "Келінім төрт баламен өте қиын жағдайда өмір сүріп жатыр, олардың біреуі мүгедек. Біздің жағдайымыз өте ауыр. Ұлымды кешіріп, босатып жіберіңізші. Ол енді тәртіпті болады, мен соған кепілмін" деді. Мен мейірімді адаммын. Оның сөзіне шынымен сеніп, кешірім бердім. Сол күні тек Ажиевті ғана емес, жеңіл қылмыс жасаған 75 адамды кешіріммен босаттым", – деді Садыр Жапаров.
Президенттің айтуынша, Ажиевтің түрмеден тікұшақпен ұшып кеткені туралы ақпарат жеткенде, ол бірден тікұшақты кері бұрып, қайтадан сол жерге қондыруды бұйырған.
"Осылайша Ажиев үйіне көлікпен кетті. Оның тікұшақпен ұшқаны рас. Бірақ 15 минуттан кейін тікұшақ қайта бұрылып, бастапқы жерге қондырылды. Сондай-ақ кейбіреулер бұл жағдай үшін Төтенше жағдайлар министрлігін кінәлап жатыр. Бірақ министрліктің бұған еш қатысы жоқ. Тікұшақтар тек төтенше жағдайларда ғана емес, коммерциялық тапсырыстарды да орындайды. Өйткені төтенше жағдайлар күн сайын бола бермейді. Сондықтан бос уақытта техниканың өзін-өзі ақтауы үшін коммерциялық рейстер жасауға рұқсат берілген. Кім тапсырыс беріп, төлем жасаса, сол адамға қызмет көрсетіледі. Онда "Ажиевті түрмеден алып кетіңдер" деген нақты бұйрық болмайды. Тек қону орны, қайта қону орны, ұшу уақыты және жолаушылар саны көрсетіледі. Сондықтан министрлікті кінәлаудың қажеті жоқ. Егер біреу тікұшақ қызметін пайдаланғысы келсе, төлеп пайдалана алады", – деді Жапаров.
Қырғызстан президенті Ажиевтің әрекеті өзін де таңғалдырғанын жасырмады.
"Анасы жылап, "біз өте қиын жағдайда өмір сүріп жатырмыз" деді. Ал ұлы болса түрмеден шығу үшін тікұшақ жалдап жүр. Сол кезде мен: "Демек, мені алдап кеткен екен" деп ойладым. Жалпы, менің мейірімділігімді пайдаланатын адамдар көп. Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Өйткені жұмсақ адам қатал болса, ол мүлде басқаша болады", – деп түйіндеді Садыр Жапаров.