АҚШ пен Израильдің әуе соққылары салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін елді уақытша үш адамнан тұратын кеңес басқарады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Уақытша басқару кеңестің құрамына Иран президенті Масуд Пезешкиан, сот жүйесінің басшысы Голям Хосейн Мохсени-Эджеи, Конституцияны қорғау кеңесінің мүшесі аятолла Алиреза Арафи кірді.
Бұл үштік елді жаңа жоғарғы көшбасшы сайланғанға дейін басқарады. Иран заңнамасына сәйкес, 88 беделді дін ғалымынан тұратын Сарапшылар кеңесі жаңа жоғарғы көшбасшыны мүмкіндігінше тезірек сайлауы тиіс. Әзірге Хаменейдің орнына кім келетіні белгісіз.
Иранның мемлекеттік телеарнасы Хаменейдің 28 ақпанда АҚШ пен Израиль жасаған ірі әскери соққылар кезінде қаза тапқанын растады. Оның өліміне байланысты елде 40 күндік ұлттық аза тұту жарияланып, тұрғындарға жеті күн демалыс берілді.