Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Мақсат Жақау: Жаңа Конституция – азаматтық қоғамға жаңа серпін

/
Мақсат Жақау: Жаңа Конституция – азаматтық қоғамға жаңа серпін

Жаңа Конституция жобасының талқылануы – ел дамуының жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіретін маңызды саяси үдеріс. Бұл құжат тек құқықтық нормаларды өзгертіп қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған.

Саясаттанушы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті проректоры Мақсат Жақау бұл өзгерістердің мәнін тереңнен түсіндіреді. Оның пікірінше, Халықтық кеңестің конституциялық мәртебе алуы – азаматтардың мемлекеттік шешімдерге ықпал ету мүмкіндігін арттыратын нақты қадам. Бұл бастама азаматтардың заң шығару үдерісіне тікелей араласуына, қоғамдық ұсыныстарын ашық білдіруіне кең мүмкіндік бермек.

«Біріншіден, жаңа жоба барынша азаматтық қоғамды қамтитын мүмкіндіктерге ие. Бұл демократиялық мүмкіндіктерді кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық ұсыныстарын білдіру аясын арттырады. Халықтық кеңес – азаматтық қоғам институты. Оны Конституциялық құзыреттермен бекіту өте орынды әрі маңызды ұсыныс», – деді өз сөзінде Жақау.

Саясаттанушының пікірінше, мұндай өзгерістер қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, халық үнінің естілуіне нақты құқықтық негіз қалыптастырады.  Жаңа жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру. Бұған дейін қоғамдық ұсыныстар көбіне кеңес сипатында қалып қойса, енді олардың құқықтық негізі күшейе түспек. Бұл билік пен қоғам арасындағы сенімді арттырып, ашық диалог мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Мақсат Жақаудың айтуынша, «Конституция – тек заңгерлердің құжаты емес, ол - бүкіл халықтың құжаты. Сондықтан оның тілі де, мазмұны да әр азаматқа түсінікті болуы керек».

Осы тұрғыдан алғанда, мәтіндік өзгерістердің өзі үлкен маңызға ие. Заң нормаларының нақты әрі айқын жазылуы құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, түрлі түсіндірмелерге жол бермейді.

Жаңа жобаға филологтардың қатысуы – құжат сапасын арттырған маңызды фактор. Конституция мәтініндегі калька тіркестерді түзету, мағынасы ауыр немесе екіұшты сөйлемдерді жеңілдету – құқықтық мәдениетті жетілдірудің бір көрінісі. Мысалы, азаматтыққа қатысты баптардың жаңа редакциясы нақты құқықтық ұстанымды айқындап береді. Бұл мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілікті айқын көрсетеді.

«Филологтар отыз жыл бойы қолданылған мәтіндегі кейбір оралымдардың қисынға келмейді.  Мәселен, бұрынғы нұсқадағы «әскерилендірілген құрамалар құруға» деген тіркес артық мағыналық қайталауға құрылған. Жаңа редакцияда бұл сөз «жасақ» деп өзгертілген. Бұл – ұлттық тілдік қорымызға жақын, мазмұны айқын сөз. Сондай-ақ, азаматтық мәселесіне қатысты да түзетулер енгізілген. Бұрынғы мәтінде «азаматтығы заңға сәйкес алынады» делінсе, жаңа жобада «азаматтығы заңға сәйкес беріледі» деп нақтыланған. Бұл - құқықтық әрі грамматикалық тұрғыдан дұрыс тұжырым», – деп атап өтті саясаттанушы.

Қос азаматтық мәселесіне қатысты да айқындық күшейген. Ескі нұсқада «танылмайды» деген жалпылама тіркес қолданылса, жаңа жобада қос немесе көп азаматтыққа жол берілмейтіні және өзге ел азаматтығын алу Қазақстан азаматтығын тоқтатуға негіз болатыны нақты көрсетілген. Мақсат Жақау бұл өзгерістерге оң баға береді.

«Жаңа нұсқа оқуға жеңіл, мазмұны нақты. Құқықтық тұрғыдан да, грамматикалық жағынан да түсінікті. Заң мәтіні дәл әрі айқын болуы тиіс», – дейді ол.

Жалпы, жаңа Конституция жобасы кең талқылаудан өтіп, түрлі сала мамандарының сүзгісінен өткен құжат ретінде ұсынылып отыр. Азаматтық қоғамның рөлін арттыру, тілдік дәлдік пен құқықтық нақтылықты қамтамасыз ету – оның басты ерекшеліктерінің бірі. Елдің басты құжаты болғандықтан, әрбір өзгеріс халық мүддесіне қызмет етуі тиіс. Қазіргі талқылау кезеңі - сол ортақ мүддені айқындайтын маңызды сәт.