Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы шиеленіс кезінде қазақстандықтарды елге қайтару бойынша атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Президенттің айтуынша, әлемнің қай нүктесінде болмасын, әрбір отандасымыз мемлекеттің қамқорлығын сезінуі тиіс, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қақтығыс басталған бойда Президент Қатар, БАӘ, Бахрейн, Оман және Сауд Арабиясы басшыларымен шұғыл хабарласып, жағдайды талқылағанын жеткізді.
«Жағдай шын мәнінде күрделі еді. Шиеленіс басталған сәтте өңір елдері басшыларына осынау қиын-қыстау кезде шынайы қолдауымды білдіріп, хат жолдадым. Бұдан бөлек, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Оман, Сауд Арабиясы басшыларымен телефон арқылы сөйлестім.
Сондай-ақ отандастарымызды жедел эвакуациялау тапсырылды. Ел аумағындағы тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен маңызды инфрақұрылымдарды қорғау, Қарулы күштер мен құқық қорғау ведомстволарында жауынгерлік кезекшілік ұйымдастыру жөнінде міндет жүктедім», - деді мемлекет басшысы.
Сыртқы істер министрлігінің жанынан арнайы штаб құрылды. Оның құрамына барлық ведомствоның өкілдері енді. Бұл жұмысқа әуе тасымалдаушы және туристік компаниялар, ерікті демеушілер атсалысты. Штаб тәулік бойы жұмыс істеп, азаматтарымызды аймақтан қауіпсіз жолдармен алып шығуға бар күшін салды.
Қақтығысқа қатысушы тараптар бір-бірінің әскери және азаматтық нысандарын, соның ішінде әуежайларды баллистикалық зымырандармен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен атқылады. Соның салдарынан көптеген елдің әуе кеңістігі жабылды.
Кей жағдайларда отандастарымызды өзге елдердің аумағы арқылы алып өтуге тура келді. Оларды дипломаттарымыз бен консулдық қызметкерлері қарсы алып, ұшақтарға жайғастырып, елге шығарып салды.
«Иранда қалған азаматтарымыз Әзербайжан, Армения және Түрікменстан шекаралары арқылы эвакуацияланды. Елшіліктер ұдайы байланыста болып, тиісті көмек көрсетті. Осы күрделі жұмыстың нәтижесінде 9 мыңға жуық отандасымыз оқ пен оттың ортасынан аман-есен елге оралды. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр», - деді президент.