Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи денсаулық жағдайына байланысты және қауіпсіздік мақсатында Ресейдің әскери ұшағымен құпия түрде Мәскеуге жеткізілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл туралы Al-Jarida басылымына көшбасшыға жақын жоғары лауазымды дереккөз хабарлаған.
«Мәскеуде сәтті ота жасалды, қазіргі уақытта ол президенттік резиденциялардың біріндегі жеке емханада ем қабылдап жатыр», - делінген хабарламада.
Дереккөздің айтуынша, Жоғарғы көшбасшы 28 ақпанда Иранға жасалған алғашқы соққылар кезінде жараланған. Иранға жасалған шабуылдардың жалғасуы ел ішінде емделуді қиындатқан, сол себепті Хаменеи Ресей астанасына жеткізілген.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Ирандағы әріптесі Масуд Пезешкианмен телефон арқылы сөйлесу кезінде Хаменеиді Ресейде емдеуді ұсынған болатын. Иранның ресми тұлғалары, соның ішінде Хаменеидің өзі бұл ұсынысты мұқият қарастырып, мақұлдаған.