Иран төңірегіндегі қақтығыс АҚШ президенті Дональд Трамптың жақтастары мен командасын екі лагерьге - мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен вице-президент Джей Ди Вэнстің жақтастарына бөліп тастады, деп жазды Bild газеті.
Басылымның еске салуынша, Рубио Иранға қарсы әскери операция жүргізуде Трампты қолдайды және Тегеранның әскери әлеуетін тек ауқымды әуе соғысы ғана баса алады деп есептейді. Вэнс болса, керісінше, Иранға соққы беруге күмәнмен қарайды.
Қазіргі уақытта Трамп мемлекеттік хатшыға басымдық беріп отыр. Bild басылымының атын атамаған дереккөздерінің мәліметінше, жақында ол ірі демеушілерден АҚШ президенті лауазымында кімді лайықты мұрагер деп санайтынын сұраған. Олар бірауыздан дерлік Рубионың есімін атаған көрінеді.
Дегенмен, Вэнс Make America Great Again (MAGA, «Американы қайтадан ұлы етейік») қозғалысының жақтастары арасында өте танымал және республикашылдардың сүйікті тұлғасы болып қала береді, деп жазады газет.