Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Иран президентіне неге жеке қоңырау шалмағанын түсіндірді. Бұл туралы ол журналистердің сұрағына жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысына Tengrinews.kz тілшісі Айсұлтан Құлшыманов Қазақстанның Таяу Шығыстағы шиеленіске қатысты ұстанымы туралы сұрақ қойған. Журналист Қазақстан кейбір Шығанақ елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, қолдау білдіргенімен, Иран президентімен байланысқа шықпағанын атап өтті. Осыған байланысты бұл қадам Қазақстанның бейтарап саясатынан ауытқуы емес пе деген сауал қойылды.
Тоқаев өз жауабында Қазақстан халықаралық жанжалдарды әрдайым дипломатиялық жолмен шешуді қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, еліміз бейбіт саясат ұстанатын мемлекет ретінде белгілі және бұл бағыттағы ұстаным өзгермейді.
Президент сондай-ақ Ирандағы саяси жүйенің ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл елде шешім қабылдау жүйесі өзгеше, өйткені негізгі саяси ықпал діни билікке тиесілі.
"Иран президенті Масуд Пезешкиан жақында Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Ол зайырлы көзқарастағы адам, кардиохирург мамандығы бар. Сол кезде ол Иранның Шығанақ елдеріне шабуыл жасамайтынын айтып, тіпті Иран атынан кешірім де сұрады. Бірақ кейін бұл мәлімдеме жоққа шығарылды. Бұл жағдай Иран президентінің билігі толық емес екенін көрсетеді", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Иранда діни биліктің ықпалы жоғары екенін атап өтті. Сондықтан президенттің рөлі көбіне формальды сипатта болатынын айтты.
"Иранда діни билік негізгі шешімдерді қабылдайды. Президент бар, бірақ ол көбіне формальды мемлекет басшысы саналады. Яғни іс жүзінде ең ықпалды тұлға емес", – деді ол.
Сонымен қатар Тоқаев кез келген елде қос биліктің болуы тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін екенін еске салды. Оның айтуынша, мұндай жүйе Қазақстан үшін де сабақ болған.