Бітім 24 наурызға дейін күшінде болады, бірақ шабуыл жасалған жағдайда тараптар соғыс қимылдарын қайта бастауға уәде берді. Әзірге Пәкістан мен Ауғанстан қақтығысты тоқтата тұруға келісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Пәкістан бірінші болып соғысты тоқтататынын мәлімдеді. Ақпарат министрі Аттаулла Тарар бұл шешімнің өз бастамаларымен және Сауд Арабиясы, Катар мен Түркияның өтініші бойынша қабылданғанын айтты.
«Пәкістан бұл қадамға ізгі ниетпен барып отыр. Дегенмен, қандай да бір шабуыл жасалса, операция дереу жаңа қарқынмен жалғасады», — деп жазды Тарар X (Twitter) желісінде.
Ауғанстан тарапы да үзіліс жариялады. Үкімет өкілі Забихулла Муджахид бұл шешімнің Ораза айт мерекесіне байланысты және жоғарыда аталған елдердің делдалдығымен қабылданғанын хабарлады.
Тараптар бітім шарты бұзылған жағдайда әскери қимылдардың қайта жанданатынын ескертті.
Естеріңізге сала кетейік, 16 наурызда Пәкістан Ауғанстан аумағына бірқатар әуе соққыларын жасағаннан кейін қақтығыс күрт ушығып кеткен болатын.