Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Журналист Ботагөз Омароваға араша түскен журналистер президентке үндеу жолдады (МӘТІН)

/
Журналист Ботагөз Омароваға араша түскен журналистер президентке үндеу жолдады (МӘТІН)
Фото: Gemini ЖИ арқылы жасалды.

Сот журналист, «Айтпа, Ботагөз!» Telegram-арнасының авторы Ботагөз Омарованы екі айға үйқамаққа алу шарасын тағайындады. Сондай-ақ журналистің үйінде тінту жүргізілген. Қазақстан журналистері және сөз бостандығы құқығы маңызды деп санайтын азаматтар бірігіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Жолдау мәтіні төменде берілді.

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа

Қазақстан журналистерінің үндеуі

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Конституцияның кепілі әрі «Заң мен тәртіп» қағидатының авторы ретінде Сізге, біз, Қазақстан журналистері үндеу жолдағымыз келеді.

2026 жылы 20 наурызда 20 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар, абыройлы әрі кәсіби журналист, біздің әріптесіміз, Ботагөз Омарова Астана қаласы полиция департаментінің бөлімшесіне «әңгімелесуге» шақырылды.

Ол Астана қаласы Сейфуллин көшесі 37 мекенжайына өз еркімен барған. Бірнеше сағат ішінде оның процессуалдық мәртебесі өзгерді: алдымен – қорғалуға құқығы бар куәгер, кейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы («көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша күдікті ретінде танылды.

Жалпы, Ботагөз полиция бөлімінде сегіз сағаттан астам уақыт болды. 21 наурыз күні түнгі сағат 01:00-ден кейін тергеу сотының отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша оған екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді.

Түнгі сағат 03:00-ден 05:00-ге дейін полиция оның пәтерінде тінту жүргізді.

Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша оған нақты қандай журналистік материал үшін айып тағылып отырғаны туралы бізде ресми ақпарат жоқ.

Қазақстан Республикасы «Масс-медиа туралы» Заңының 68-бабына сәйкес, журналист, редакция және бұқаралық ақпарат құралы бірқатар жағдайда, соның ішінде ақпарат жеке және заңды тұлғалардың сөздерін сөзбе-сөз келтіру арқылы берілсе немесе ресми дереккөздерден алынса, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершіліктен босатылады.

Ботагөз Омарова әрдайым өзінің кәсіби міндетін адал атқарып, деректерді тексеріп, құжаттарды зерделеп, Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында жұмыс істеп келеді.

Біз, Сізден, Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауыңызға алып, журналистерді осындай жағдайлардан қорғауыңызды сұраймыз. Себебі ҚР ҚК-нің 274-бабы көбіне журналистерге қысым көрсету құралы ретінде қолданылып жатады. Сондықтан Сізді Конституция кепілі ретінде аталған бапты декриминализациялау жөнінде президенттік бастама көтеруіңізді өтінеміз.

Істің барлық мән-жайын жан-жақты, объективті әрі мұқият тергеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ процессуалдық нормалар мен құқықтардың қатаң сақталуына кепілдік беруге және журналист Ботагөз Омарованы қудалауды тоқтатуға ықпал етуді сұраймыз.

Құрметпен,
Қазақстан журналистері және сөз бостандығы құқығы маңызды деп санайтын азаматтар.

Құрметпен, Қазақстан Республикасының журналистері мен көңілі алаң азаматтары.