Алматы көшелерінде болған қайғылы апат жай ғана жол ережесін бұзудың салдары емес, шенділердің заңды белшесінен басып, шектен шыққандығының айқын көрінісі. Заңгер Молдахан Әділетхан бұл оқиғаның астарында «ерке балалардың» (золотая молодежь) жазасыздығы мен құқық қорғау органдарының кейбір лауазымды тұлғаларының қатысы бар екенін ашық айтып, мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі баяндады.
Заңгердің айтуынша, бұл оқиға кездейсоқ емес. Бес бірдей қымбат көлік қала ішінде жарыс ұйымдастырып, «У Афанасьича» мейрамханасынан бастап Достық даңғылымен солтүстікке қарай жоғары жылдамдықпен жүйткіген. Олар қос жолақты қиып өтіп, Әл-Фараби даңғылында сағатына 250 шақырым жылдамдықпен қарсы бағытқа шығып қарсы келген «Мерседес» көлігіне соқтыққан. Соққының күші сондай, Фурманов көшесіндегі қалтарысқа (кармашка) ұшып кеткен.
«Алматыдағы адам өліміне әкелген жол апатының себебін «дөңгелегі жарылды» немесе «байқаусызда қарсы бағытқа шығып кетті» деп ойлайсыз ба? Жоқ, бұл шенеуніктердің «ерке балаларының» ісі, олар бес машина болып жарысқан. Бұл жерде «рөлге ие бола алмай қалды» деген сылтау жүрмейді: соққының күші мен көліктің қанша метрге ұшқанын есептесеңіз, тоқтай алмаған соққының қаншалықты жойқын болғанын түсінесіз», – дейді заңгер Молдахан Әділетхан.
«Мұндай көліктерді көрген инспекторлар қашуға тырысады»
Заңгер көтерген ең өзекті мәселе – жарысқан көліктердің ішінде Полиция департаменті бастығы орынбасарларының қызметтік көліктерінің жүруі. Оның дерегінше, бұл көліктер бір күннің ішінде 1 миллион теңгеге жуық айыппұл жинап үлгерген. Ең сорақысы, бұл көліктер жалған нөмірлермен немесе мүлдем нөмірсіз жүрген, ал терезелері заңсыз күңгірттелген.

Молдахан Әділетханның Instagram тарихынан алынды
Әсіресе, Полиция департаменті орынбасарының «100 QR 02» нөмірлі қызметтік көлігінің демалыс күні көшеде жүруі үлкен сұрақ туғызады. Заңгер мемлекеттік мүлікті жеке мақсатқа, оның ішінде ішімдік ішу немесе жол ережесін өрескел бұзу үшін пайдалануға ешкімнің құқығы жоқ екенін қадап айтты.
«Полиция департаменті орынбасарының «100 QR 02» нөмірлі көлігінің жүргізушісі білгенін істеп жүр, ол демалыс күні автопаркте тұруы керек еді. Осындай көліктерді инспекторлар тоқтата алмайды, тіпті спецбатальонның жігіттері жолда мұндай көліктерді көргенде, «ананы неге тоқтатпайсың?» деп халық видеоға түсірмесін деп қашуға тырысады. Жоғарыдан біреулер хабарласып, қыспаққа алмауы үшін қатардағы қызметкерлер олардан қашатын жағдайға жеттік», – деп заңгер ащы шындықты жайып салды.
Кінәлі адамға 25 жыл беру керек – марқұмның ағасы
Апат салдарынан үш адам қаза тапты. Солардың бірі – 22 жастағы бойжеткен. Марқұмның ағасы Бекболаттың айтуынша, қарындасы өмірге өте құштар, еңбекқор жан болған. Бекболат тергеудің тек қоғамдық резонанстан кейін ғана алға жылжығанын айтады. Оның пайымдауынша, депутат Мұрат Әбенов сияқты тұлғалар мен халықтың белсенділігі болмаса, іс жылы жауып қойылуы мүмкін еді. Қазіргі таңда қаза тапқандардың туыстары кінәлілердің 25 жылға бас бостандығынан айырылуын талап етіп отыр.
«Қарындасымның өз көлігі бар еді, апат болған жерден небәрі 3 шақырым жерде қалған болатын, бірақ ол көлігіне жете алмады. Мен кінәлі адамға 25 жыл беру керек деп есептеймін, өйткені ол үш адамды өлтірді және сағатына 200 шақырыммен жүрді. Оның жақындары келіп кешірім сұрады, бірақ бауырынан айырылған адам ол сәтте ештеңе айта алмайды, біз тек олардың кетуін сұрадық», – дейді марқұмның ағасы Бекболат.
Заң бәріне бірдей ме?
Ішкі істер министрлігі бұл оқиға бойынша қатаң шаралар қолға алынғанын хабарлады. Министр Ержан Саденовтың тапсырмасымен Алматыға арнайы тексеру тобы жіберіліп, нәтижесінде бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер орындарынан босатылды. ZEEKR көлігінің жүргізушісі қамауға алынды, сондай-ақ Полиция департаменті басшысының жүргізушісіне қатысты «әрекетсіздік» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев заңның бәріне бірдей екенін және ешқандай лауазым жауапкершіліктен құтқармайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, жалған нөмірлердің берілуі бойынша да жеке тергеу жүріп жатыр.
«Министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды. Бір күндік айыппұлының өзі 1 миллион теңгеге жуықтайтын көліктердің иелері Сергек арқылы анықталып, тиісті жауапқа тартылады. Заң бұзушылықтар расталған жағдайда апат қатысушылары да, лауазымды тұлғалар да қатаң жазаланады», – деді Шыңғыс Алекешев.
Бұл оқиға қала көшелеріндегі жүгенсіздік пен құқық қорғау жүйесіне реформв қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті. Қоғам мен заңгерлер бұл істің әділ тергеліп, ашық сот болуы талап етіп отыр.