Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі – қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуы тиіс – депутат

/
Өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі – қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуы тиіс – депутат
Ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдап, елде көбейіп бара жатқан псевдодіни уағызшыларға қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер арқылы таралатын теріс діни насихат қоғамдағы тұрақтылыққа, ұлттық құндылықтарға және жастардың дүниетанымына елеулі қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Депутаттың айтуынша, өзін "имам" немесе "діни тұлға" ретінде таныстыратын жекелеген адамдар интернетте заңға да, моральдық нормаларға да қайшы пікірлер таратып, қоғам ішінде алауыздыққа себеп болып отыр.

"Турасын қаймықпай айтқанда, дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде. Соңғы аптада біз бірер осындай даңғаза дабыраның куәсі болдық. Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір “имам-сымақ” үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” жайбарақат жария етті. Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қасақана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуға тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!" – деді Ермұрат Бапи.

Мәжіліс депутатының пікірінше, адамға ғана емес, жан-жануарға да мейірімділікті насихаттайтын дін өкілінің өз әйелін қорлап, оны ашық түрде "сыйға беруі" қоғам тарапынан қатаң айыпталуы тиіс әрекет. Сондай-ақ ол мұндай мазмұнды жариялаған журналист Жанар Байсемізованы кәсіби этиканы сақтамады деп сынға алып, медиа өкілдерін ұлттық құндылықтарға жауапкершілікпен қарауға шақырды.

"Ал мұны бүкіл елге дәріптеген подкаст иесі журналист қарындасым Жанар Байсемізова ең құрығанда журналистік этиканы, кәсіби салиқалықты сақтамауы – нағыз хайп қуу, ақырында оның өзі әкімшілік жазаға тартылды. Осы орайда ұлттық мәселені популизм жолында құрбан етуге құштар журналист әріптестер мен масс-медианың басқа да өкілдерін кәсіби, адами және азаматтық ұстанымға берік болуға шақырамын! Әрбір редакция мен журналистің есінде болсын: мыңжылдық ұлттық мұраттарқа қастық жасауға, кісіби сананың іріп-шіруіне жол берілмеуге тиіс. Мұндай сандырақтарға жол беру – заңға өрескел қайшы әрекет деп саналуы керек!" – деді депутат.

Ол сондай-ақ тағы бір келеңсіз жайтты атап өтіп, Наурыз мейрамын исламға жат деп көрсеткен сақалды, мұрты жоқ адамның бейнежазбасын орынсыз әрі негізсіз пікір ретінде сынға алды.

"Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі. Тақуаның ел ішіне тарап бара жатқан түрпі тілімен айтқанда: Иншаллах, қоғамды шулатқан қос қиқушы әкімшілік жазаға тартылып, оларға айып салынды!" – деді Ермұрат Бапи.

Депутат Ермұрат Бапидің пікірінше, діни сипаттағы қоғамдық шиеленістердің алдын алу үшін әкімшілік жазалар жеткіліксіз. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде теріс діни насихат жүргізіп, қоғамда алауыздық туғызатын тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет. Осыған байланысты ол тиісті заңнамалық өзгерістерді депутаттар талқысына шығаруды ұсынды.

"Түптеп келгенде, ұлттық мұрат пен халықтық мұраға орасан зор залалын тигізетін бұл проблеманың тұңғиығы терең және әлдеқайда қауіпті болмақ. Ең бастысы – бұл уағызшы-сымақ тобыр біздің жас өскін ұрпақты, елдің болашағын улауда. Сырттан сіңген теріс діни усойқы уағыз, әсіресе, буыны бекімеген жастардың сарыуыз санасына желімдей жабысып, оларды ұлттық салт-дәстүр дағдысынан айырудың айласын жасауда. Олардың сиқырына алданған, дәстүрлі құндылықтардан қағылу, елдік мүддеден ажырау қатеріне іліккен жастар “жоғалған ұрпаққа” айналуы ғажап емес. Теріс діндарлар риторикасындағы о дүниеге барып, көріп келгендей айтылатын махаббат жұмағы мен “нәпсі ләззатына кенелу” насихаты нақты руханияттан жұрдай, табиғи руханилықпен ешқашан сыйыса алмайды", – деді Ермұрат Бапи.

Депутат Ермұрат Бапидің айтуынша, кейбір теріс діни ағым өкілдері Ораза айт пен Құрбан айттан өзге мерекелерді, соның ішінде ұлттық дәстүрлерді де "харам" деп бағалап, халықтың тарихи-мәдени құндылықтарын жоққа шығарып отыр.

"Осы ретте мен осы теріс діндар тақуаларға сұрақ қойғым келеді: “Ағайындар, егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!”. Шын мәнінде біздің бүгінгі қоғам адасу алаяқтығы шылауына шырмалып, “ақпараттық терроризм” деп атауға болатын қиянатты құбылысқа тап болды. Бұны қоғамдық жүйенің құндылықтарын нақақ қирату, түсінік пен түйсікті теріс жолға салу, адамдар санасына маңызы өзгерген мән-мақсатты агрессивті түрде сіңіру құбылысы деп қабылдау қажет", – деді Ермұрат Бапи.

Ермұрат Бапидің пікірінше, халықтық, қазақтың ұлттық дәстүрлеріне қарсы шығу іс жүзінде Қазақстанның конституциялық негіздеріне қарсы әрекетпен тең.

"Қазақстан – зайырлы мемлекет” деп, Атазаңда атап көрсетілген қағидатқа діни даңғазамен қарсы шығу – қылмыс! Егер біз бұл теріс догмаға бүгін өте қатаң және жүйелік тойтарыс бермесек, ертең тіземізді тістелеп, қапыда қалуымыз әбден мүмкін. Оның күрт кереғар нәтижесі бізге адам айтқысыз ауыр тиері кәдік! Біз қыр арқасы қырқылған, ішкі дүниесі тұлдай, таным-түйсігі быт-шыт болуы шынайы ықтимал қоғамды құтқаруға дәл бүгін кіріспесек, бұл кереғар жағдайды түзеу әрекетінен кеш қаламыз. Кері қайту қиын болады: рубикон тақау қалды!" – деді депутат.

Депутат Ермұрат Бапидің айтуынша, қазіргі таңда жастардың дүниетанымы негізінен әлеуметтік желілер арқылы қалыптасып келеді, алайда бұл ортада ресми діни институттардың ықпалы әлсіз. Соның салдарынан діни білімі күмәнді тұлғалар өз көзқарастарын ислам қағидалары ретінде ұсынып, қоғамда радикалды пікірлердің таралуына ықпал етіп, дәстүрлі діни түсініктерді бұрмалап отыр.

"Бас прокуратура, тиісті құзіретті ведомстволар мен мемлекеттік органдар онлайн ортадағы осы қитұрқы әрекетіне шектеу қою керек. Сөз соңында Қазақстан мұсылмандары қауымдастығына қатысты ұсынысымды білдіргім келеді. Мәселен, жоғарыда аталған қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткерлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім. Тіпті, менің ойымша, ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, “сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің кебін киген тәрізді", – деді депутат Ермұрат Бапи.

Депутат Ермұрат Бапи Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысын қайта қарау қажет екенін мәлімдеп, олардың цифрлық кеңістіктегі белсенділігін күшейтіп, қоғамда және онлайн ортада туындайтын діни шиеленістерге жедел әрекет етуі тиіс екенін атап өтті.