Иран әскери күштері АҚШ-тың бесінші буындағы F-35 жойғыш ұшағын атып түсіріп, ұшқышын тұтқынға алған болуы мүмкін. Бұл туралы Иранның "Хатам әл-Анбия" орталық қолбасшылық штабы мен Tasnim агенттігі хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, жойғыш ұшақ Иранның орталық бөлігінде әуе қорғанысы жүйесі арқылы атып түсірілген.
"Екінші F-35 жойғышы Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының әуе қорғаныс жүйесімен жойылып, ел аумағында құлады", – делінген хабарламада.
Tasnim агенттігінің мәліметінше, кейбір дереккөздер ұшқыштың тірі қолға түскенін айтады.
Сондай-ақ АҚШ тарапы ұшқышты құтқару үшін Black Hawk тікұшақтары мен C-130 Hercules ұшағын жұмылдырғаны хабарланды. Алайда бұл операция сәтсіз аяқталған.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, ұшқыш жойғыш атып түсірілгеннен кейін катапульта жасап үлгерген. SNN телеарнасының мәліметінше, Иран билігі ұшқышты тірідей қолға түсіргендерге сыйақы жариялаған.