Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның қызы Ким Чжу Э болашақ мұрагер ретінде билікке дайындалып жатыр. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметі (NIS) ел парламентінің депутаттарына мәлімдеген, деп жазады Reuters.
Барлау қызметінің дерегінше, бұл қорытынды сенімді барлау ақпараттарына негізделген.
Ведомство мәліметінде Ким Чжу Э-нің мемлекеттік БАҚ-та, әсіресе қорғаныс тақырыбындағы материалдарда жиі көрінуі қоғамдағы әйел мұрагерге қатысты күмәнді азайтуға және билік транзитін жеделдетуге бағытталғаны айтылған.
Соңғы уақытта Солтүстік Кореяның мемлекеттік медиасы Ким Чен Ын мен оның қызының жаңа танкті басқарған сәттерін көрсеткен. Бұған дейін оның қару қолданғаны бейнеленген кадрлар да жарияланған еді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл көріністер Ким Чен Ынның өзі билікке дайындалған кезеңдегі ақпараттық стратегияны еске салады.
Айта кетейік, 13 жастағы Ким Чжу Э алғаш рет 2022 жылдың қараша айында көпшілік алдына шыққан. Сол кезде ол әкесімен бірге "Хвасон-17" құрлықаралық зымыран ұшыру рәсіміне қатысқан.
