Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Ақтөбе әкімдігіндегі өрт сөндірілді: қасақана өртелуі мүмкін бе?

/
Ақтөбе әкімдігіндегі өрт сөндірілді: қасақана өртелуі мүмкін бе?
видео скрин

Ақтөбеде облыс әкімдігі орналасқан алты қабатты ғимаратта шыққан өрт толықтай ауыздықталды, деп хабарлайды Arasha.kz. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қызыл жалынның аумағы шамамен 300 шаршы метрді қамтыған.

Өрт 7 сәуір кешкісін Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы әкімдік ғимаратында тұтанған. Оқиға орнына құтқарушылар бес минут ішінде жетіп, бірден бірнеше жерде ашық жану ошақтары барын анықтаған. Жалынды сөндіруге 80-нен астам маман мен 30-ға жуық техника жұмылдырылды.

ТЖМ өкілдерінің хабарлауынша, бастапқы сәттен-ақ су беру үздіксіз қамтамасыз етіліп, адамдар жедел эвакуацияланған. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, өрт жоғары деңгейлі шақырту бойынша сөндірілген.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өрт болған жерге келіп, жағдайды жеке бақылауына алғанын айтты. Оның сөзінше, оқиғаның нақты себебін анықтау үшін арнайы тергеу тобы құрылған.

«Ертең мемлекеттік органдардың бірқатар қызметкерлері қашықтан жұмыс істейді. Біз үшін ең маңыздысы – адамдардың қауіпсіздігі», – деді өңір басшысы.

Әзірге өрттің шығу себебі белгісіз. Қазір арнайы құрылған тергеу тобы жұмысқа кіріскен.

Өңір әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, өрт кешкі сағат сегізден кейін басталған. Сол уақытта ғимаратта жұмыс күні аяқталғандықтан, тек күзет қызметінің өкілдері ғана болған.

«Өрт толық сөндірілді, қазір салдарын бағалап жатырмыз. Ғимараттың өзі аман, тек шатыр бөлігі зақымданған. Ең бастысы — адамдар аман», — деді әкім.

Оның сөзінше, құжаттар мен ішкі мүлікке зиян келмеген. Бұл — өрттің негізінен шатыр деңгейінде шектелгенін көрсетеді.

Әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, оқиға туралы хабар 20:21-де түскен. Өртті сөндіруге 30-дан астам техника, жүзден аса құтқарушы жұмылдырылған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметімен бірге әскери қызметкерлер де тартылған.

Әзірге өрттің шығу себебі нақты айтылған жоқ. Дегенмен билік өкілдері қасақана өртеу нұсқасын қарастырмайтынын меңзеп отыр.

«Себебін дәл қазір айта алмаймын, оны мамандар анықтайды. Шатырға кіретін есік үнемі жабық болады. Сондықтан қандай да бір нұсқаларды, соның ішінде әдейі өрт қоюды айтуға әлі ерте», — деді Асхат Шахаров.

Қазір арнайы тергеу тобы құрылып, зертханалық сараптамалар жүргізілмек. Мамандар өрттің нақты неден шыққанын, оның қалай тарағанын анықтауға кірісті.