Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қазіргі таңда теріс діни ағымдардың ықпалы күшейіп бара жатқанын мәлімдеді.
"Ұлтты ұйыстыратын, жұртты көркем мінезді имандылыққа шақыратын уағыздың орнына у ағызып, ұлтқа қарсы шығып отырғандарды қалай ұстаз деуге болады? Уағызды кім көрінген айту қашан тоқтайды? Оларға Қазақстан діни мұсылмандары басқармасы қандай шешім, қандай пәтуа шығарып отыр? Тіпті, ең қасиетті болып саналатын асыл дініміз исламды ең қауіпті ағымға айналдыру үшін барын салып жатқандар қазір қайтадан күшейіп келеді. Терісін ауыстырып алған теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз майданда мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін қазаққа қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр", – деді ол.
Депутат соңғы уақытта қоғамда үлкен резонанс тудырған екі мәселеге де арнайы тоқталды. Оның бірі – қазақ халқының қасиетті Наурыз мейрамы туралы айтылған кертартпа әрі теріс пікір. Ал екіншісі – өзіне ұнамаған әйелін өзгеге оңайлықпен "сыйға тартқан" атышулы уағызшыға қатысты даулы жағдай.
"Осыдан 3 жыл бұрын да біз осы парламентте теріс діни ағымдарға заңмен тыйым салу мәселесін көтергенбіз. Содан бері не болды, нәтиже қайда? Қайта теріс ағымдар одан бетер күшейіп бара жатқанын көріп отырмыз", – деді Қазыбек Иса.