АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бастаған делегация Иранмен келісімге келе алмай, Исламабадтан кетті. Көп сағатқа созылған келіссөздер нақты нәтиже бермеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Келіссөздер шамамен 21 сағатқа созылған. АҚШ тарапы Иранның негізгі талаптарды қабылдамағанын мәлімдеді. Соның ішінде басты шарт – ядролық қару жасамау және оған қажетті технологияларды дамытпау. Вэнс бұл мәселе Вашингтон үшін «қызыл сызық» екенін ашық айтты.
Ал Иран тарапы керісінше, АҚШ талаптарын «шектен тыс» деп бағалаған. Тегеран келісімге келуге кедергі болған да осы қысым деп есептейді. Дегенмен, ирандық билік келіссөз толық тоқтаған жоқ, техникалық деңгейде жалғасуы мүмкін екенін жеткізді.
Келіссөздердің тағдыры тек екі елге ғана емес, бүкіл аймаққа әсер етпек. Әсіресе Ормуз бұғазы мәселесі маңызды. Бұл аймақ арқылы әлемдегі мұнайдың шамамен 20 пайызы тасымалданады. Қақтығыс басталғалы бұғаз жабылып, мұнай бағасы күрт өскен.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі тығырық ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі тараптардың талаптары түбегейлі қарама-қайшы. Бұл келіссөздердің сәтсіз аяқталуы аймақтағы тұрақсыздықты күшейтіп, әлемдік нарыққа қысым түсіруі ықтимал.