Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда вице-президент лауазымын енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Парламент кулуарында журналистер жоғары палата спикерінен бұл қызметтің нақты қашан пайда болатынын сұраған.
Әшімбаевтың айтуынша, аталған мәселе толықтай мемлекет басшысының құзыретіне жатады.
"Вице-президент қызметіне қатысты барлық сұрақ президенттің құзырында. Жаңа Құрылтайдың құрамы жасақталғаннан кейін мемлекет басшысы тиісті шешім қабылдайды", – деді ол.
Сондай-ақ спикер бұл бағытта қандай шешім қабылданатынын тек президенттің өзі айқындайтынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы 2026 жылдың тамыз айында өтетінін мәлімдеген еді. Алайда маңызды саяси науқанның нақты күні әзірге жарияланған жоқ.