Түркістан тұрғыны қалалық аурухананың МРТ аппаратынсыз жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Соның салдарынан дәрігерлер МӘМС жүйесіне қатысушы сақтандырылған науқастарды да жеке ақылы клиникаларға бағыттап жатқанын айтады, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Науқастарды алып келсең, МРТ деген дүние жоқ, істемейді екен. Ауырып келген науқасты тексеру үшін, МРТ-ға түсіру үшін ақылы жерге жібереді. Қанша халық МӘМС төлеп емделгісі келеді, бірақ ақылы бөлімге барады», – деген азамат больницаның ішінде де видео түсірген. Онда ескі еденді көруге болады.
Автордың айтуынша, алып келген науқас инсульт алған, оны ары-бергі қозғауға болмайды екен, бірақ қалалық аурухана науқасты апаруға жедел жәрдем де бермеген деп отыр.
Айта кетейік, өткен жылы халықтан МӘМС қорына 3,7 млрд АҚШ долларынан астам қаражат түсті. Алайда осынша қаржы жиналғанымен, аудандық және қалалық деңгейдегі мемлекеттік аурухананың жабдықталу мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отыр.