Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Білім мен блогерлік: "Алтын ханым – 2026" байқауы төңірегіндегі пікір қайшылығы

Білім мен блогерлік: "Алтын ханым – 2026" байқауы төңірегіндегі пікір қайшылығы
stan.kz коллажы

Алматыда өткен "Алтын ханым – 2026" байқауы биыл көпшіліктің назарын өзіне аударып, қызу талқылауға себеп болды. Жобаның бас жүлдесін елордалық мектеп директоры, блогер әрі көпбалалы ана Ақмоншақ Нұртаза иеленді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Байқауға еліміздің әр өңірінен келген 22 қатысушы бақ сынап, бірнеше кезең бойынша өздерінің интеллектуалдық, шығармашылық және іскерлік қабілеттерін көрсетті. Жобаға тұрмыстағы және ажырасқан, 35 жастан асқан әйелдер қатысып, олардың тұлғалық дамуы, отбасындағы рөлі мен қоғамдық белсенділігі бағаланды.

Жеңімпаз Ақмоншақ Нұртаза – Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназияның директоры, бірнеше жоғары білімі бар, PhD докторанты. Ол байқауға дайындық барысында өзін жаңа қырынан ашып, қысқа уақыт ішінде 10 келі салмақ тастағанын айтты.

"Бұл жеңіс – тек менің ғана емес, мені қолдаған барша жанның жеңісі. Бұл үлкен жауапкершілік пен сенім", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жеңімпазға 3 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді. Алайда ол бұл қаржыны жеке қажеттілігіне емес, әйелдерді қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаға жұмсайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ оған танымал сән үйінен шапан кигізілді.

Айта кетейік, байқауды продюсер Баян Алагөзова жетекшілік ететін компания ұйымдастырады. Жоба соңғы жылдары қоғамда жиі талқыланып келе жатқан мәдени-әлеуметтік бастамалардың бірі саналады.

Алайда байқау нәтижесі қоғамда әртүрлі пікір тудырды. Бұған дейін әлеуметтік желіде белсенділігімен танылған Ақмоншақ Нұртаза TikTok платформасында оқушылармен бірге түрлі видеолар түсіргені үшін сынға ұшыраған еді. Сол кезде ұстаз әдебі, мектеп беделі және оқушыларды контентке тартудың шегі туралы қызу пікірталас болған.

Бұл жолы да байқау жеңімпазының кәсіби қызметі мен қоғамдық белсенділігі қатар талқылануда. Журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желіде пікір білдіріп, мұндай жағдайда адамның өз кәсібіне басымдық беруі маңызды екенін атап өтті.

"Қазіргі таңда кейде жеңіске көбірек өзін танытып, жеке брендингін белсенді түрде дамытатын адам жететіндей әсер қалдырады. Мен шығармашыл, креативті адамдарды құрметтеймін, бірақ мен үшін маңыздысы басқа. Балаларым оқитын мектептің директоры күн сайын TikTok немесе басқа әлеуметтік желілерге контент жасаумен айналысқанын қаламас едім. Педагогтар мен мектеп басшыларының онсыз да жауапкершілігі өте көп – ең бастысы балаларды тәрбиелеу мен білім беру. Сондықтан менің ойымша, әркім өз кәсіби орнында қалуы керек: өз ісін терең әрі жауапкершілікпен атқарып, оны тұрақты өзін-өзі жарнамалау мен пиарға айналдырмауы қажет", – деп жазды ол.