Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Атырау облысы

Атырау облысында 800-ден астам өлі киік табылды

Атырау облысында 800-ден астам өлі киік табылды
Сурет: Reuters

Атырау облысында киіктер жаппай қырылып жатыр. Жергілікті шаруалардың айтуынша, Құрманғазы ауданында киіктердің өлекселері шашылып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz сайты «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.

Тұрғындар мұның малға кесірі тие ме деп қауіптеніп, жануарлардың қырылуына кене себеп болуы мүмкін деп болжайды.

«Далада жүру мүмкін емес, барлық жерде киіктердің өлекселері жатыр. Егер оларды өртеп, көміп тастамаса, ауру таратуы мүмкін. Біз бұл жағдайдың малға зияны тимей ме деп уайымдап отырмыз», - дейді фермерлер.

19 сәуірдегі мәлімет бойынша, аумақтан 800-ден астам өлексе жиналған. Оларды жою жұмыстарына «Охотзоопром», Ақжайық резерватының мамандары, аумақтық инспекция мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмылдырылды. Өлекселерді өртеп, жерге көмуде.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы кене туралы нұсқаны жоққа шығарды.

«Киіктер кене шаққаннан емес, табиғи себептермен өліп жатыр. Бәлкім, жануарлар қыстан кейін әлсіреп қалған болар. Жалпы киіктердің өмір сүру ұзақтығы 7-8 жылды құрайды», - деді бас маман Мереке Шалхаров.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысынан Құрманғазы ауданына 800-ге жуық киік келіп, кейін олардың бір бөлігі Ресей бетке өткен. Қазір ауданда шамамен 15 мыңға жуық киік бар. Ресми органдар мұндай популяция үшін жүздеген жануардың өлуін табиғи процесс деп атағанымен, жергілікті тұрғындар бұл жағдайға үреймен қарап отыр.

Сәуір айының басында Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданындағы Сарыөзен өзенінен де киіктердің өлекселері табылған болатын. Алдын ала мәліметтер бойынша, онда 1600-ден астам өлі жануар анықталды.

Мамандар бұл кезеңдегі киіктердің шығыны табиғи болуы мүмкін екенін атап өтті, қысқы көші-қоннан кейін әлсіреген дала жануарлары әрдайым аман қала бермейді. Мұндай жағдайлар жыл сайын көктем кезінде тіркеліп тұрады, ал кей жылдары қырылған жануарлар саны 5 мыңнан асқан екен.