Қытайлық гуманоид робот жартылай марафон қашықтығын 50 минут 26 секундта жүріп өтіп, угандалық желаяқ Джейкоб Киплимоның әлемдік рекордын жеті минутқа басып озды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Десе де, мәре сызығына жете бере андроид қоршауға соғылып, өзгелердің көмегінсіз тұра алмады.
Жарыс Бейжіңде өткен E-Town екінші робототехникалық жартылай марафоны аясында ұйымдастырылды. Жарысқа түрлі командалардан 100-ден астам гуманоид робот шықты, бұл өткен жылмен салыстырғанда бес есе көп. Адамдар роботтармен қатарласып, бірақ арнайы бөлек жолақтармен жүгірді.
Регламент бойынша Honor компаниясының автономды роботы жеңімпаз деп танылды. Негізінде осы фирманың қашықтан басқарылатын машинасы мәреге екі минут бұрын 48 минут 19 секундта келген. Алайда жарыс ережесіне сәйкес, оператордың көмегінсіз бағыт таба алатын роботтарға басымдық берілді. Екінші және үшінші орындарды да Honor-дың 51 және 53 минут шамасында нәтиже көрсеткен автономды роботтары иеленді.
Өткен жылмен салыстырғанда ілгерілеушілік өте жоғары: ол кезде жеңімпаз мәреге екі сағат 41 минутта әрең жеткен, әрі қатысушылардың барлығы қашықтан басқарылатын еді. Биылғы бәйгеде роботтардың 40%-ға жуығы өздігінен әрекет етті. Роботтардың бірі реттеуші рөлін атқарып, қатысушыларға ишаралар мен дауыстық командалар арқылы жол көрсетіп тұрды.