Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

“Таза Қазақстан”: Қилыбай Тоқаевтың тапсырмасын орындай алмай отыр ма?

“Таза Қазақстан”: Қилыбай Тоқаевтың тапсырмасын орындай алмай отыр ма?
Азамат Сәрсенбаев түсірген видеодан скрин

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге «Таза Қазақстан» бастамасын ұсынып, өңірлерге тазалықты күшейтуді тапсырған. Бірақ кеше әлеуметтік желіде Маңғыстауда қоқыс жайлаған жайлауда жайбарақат жайылып жүрген түйенің видеосы тарады. Кадрдан пластик пакет, бөтелке мен тұрмыстық қалдық шашылған иен даланы көруге болады.

Видео Нұрдәулет Қилыбай басқаратын Маңғыстау облысының Баянды ауылы маңында түсірілген. Аталған аумақ қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына жақын орналасқан. Кей қолданушылар кадрдың шынайылығына күмән келтірсе, енді бірі мұндай жағдай өңірде бұрыннан бар мәселе екенін жазды.

Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мәліметінше, 20 сәуір күні полигон маңында өрт шыққан. Өртті сөндіру кезінде соққан қатты жел қоқыстың бір бөлігін нысан аумағынан сыртқа таратып жіберген.

«Бұл уақытша жағдай және полигонды күтіп ұстау жұмыстары бақылауда», – деп хабарлады басқарма өкілдері. Қазір арнайы техника жұмылдырылып, полигон маңы мен оған жақын аумақты тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әлеуметтік желідегі талқылауда тұрғындар мәселені бір реттік тазалаумен шешу қиын екенін айтты. Пікір жазғандардың бірі жел жиі соғатын аймақта полигондар соған бейімделуі керек десе, тағы бірі қоқысты қайта өңдеу жүйесін күшейту қажет екенін көтерді.

Бұл өңірде мұндай мәселе бұған дейін де айтылған. Бұрын ашық аумаққа тараған қоқысқа қатысты видеолар жарияланып, полигондардың жай-күйі сынға түскен еді. Сондықтан бүгінгі жағдайды көпшілік кездейсоқ оқиға емес, қордаланған мәселенің белгісі ретінде қабылдады.

Қазір аумақ тазартылып жатыр. Алайда мұндай көрініс тағы қайталанбасына кім кепіл деген Маңғыстау жұрты мәселенің кешенді шешімін күтері анық.