Алматы облысында қайғылы жағдай орын алды. Талғар ауданында болған төбелес салдарынан 20 жастағы жігіт көз жұмды. Марқұмның жақындары бұл оқиғаны ұйымдасқан топтық шабуыл деп отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға туралы марқұмның қарындасы әлеуметтік желіде хабарлады. Оның айтуынша, 12 сәуір күні Талғар ауданында ағасына 10-нан астам адамнан құралған топ шабуыл жасаған.
«Оны жан-жағынан қоршап алып, өзін қорғауға ешқандай мүмкіндік қалдырмаған. Алған пышақ жарақаттарынан ол оқиға орнында жан тапсырды», - деп жазды бойжеткен.
Сондай-ақ, ол оқиғаға қатысты ондаған куәгер мен бейнежазбалар барын айтады. Алайда, қарындасының сөзінше, қазіргі уақытта тек бір адам ғана қамауға алынған.
Полиция департаменті аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын растады. Қазіргі таңда екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған: «Адам өлтіру» және «Бұзақылық».
Адам өлтіру күдігімен 20 жастағы жігіт ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Бұзақылық бабы бойынша тағы үш адам ұсталды. Олардың екеуі үйқамаққа алынса, біреуі кәмелетке толмаған болғандықтан, оқшаулаусыз тергеуге алынған.
Қазіргі уақытта істің мән-жайы жан-жақты тексерілуде. Тергеу барысы құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында.