Италия премьер-министрі Джорджа Мелони мен ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьев арасындағы текетірес халықаралық дипломатиялық жанжалға ұласты. Ресейлік насихатшы өзінің бағдарламасында Мелони ханымды итальян және орыс тілдеріндегі ауыр сөздермен балағаттап, оны «фашистік мақұлық» және «табиғи идиот» деп атаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл оқиға Италия билігінің қатаң реакциясын тудырды. Италияның Сыртқы істер министрі Антонио Таяни Ресей елшісін шақыртып, ресми наразылық білдірді. Ел президенті Серджо Маттарелла да Мелонимен ынтымақтастығын білдіріп, Соловьевтің «вульгарлы пікірлерін» айыптады. Өз кезегінде Ресей елшісі бұл балағаттарды «халық арасында танымал журналистің жеке эмоционалды бағасы» деп ақтауға тырысты.
Джорджа Мелони әлеуметтік желіде Соловьевке қатысты өткір жауап қайтарды.
Ол: «Табиғатынан үгітші (пропагандист) болып табылатын адам ешқашан тұрақтылық пен еркіндіктің үлгісі бола алмайды. Бұл мазақтар біздің бағытымызды өзгерте алмайды. Біз басқаларға ұқсап қожайындарға бағынбаймыз және бұйрықтарды орындамаймыз», – деп мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Италия билігі Соловьевтің Комо көліндегі құны 8 миллион еуро тұратын екі вилласын тәркілеп, оның елге кіруіне өмір бойына тыйым салған болатын. Сонымен қатар, журналист Ксения Собчак Соловьевтің өзге де азаматтарға қатысты балағат сөздері үшін Ресейдің Тергеу комитетіне шағым түсіргені белгілі болды.