Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Бейсенкүл Нарымбетова: «Егер азаматтар белсенді болса, онда қоғам да белсенді»

Бейсенкүл Нарымбетова: «Егер азаматтар белсенді болса, онда қоғам да белсенді»
Сурет: ашық дереккөзден

Сан алуан ақпараты көп ғасырда өмір сүріп жатсақ та, азаматтық қоғамның дамуы әрқашан да өзекті болып қала бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында елімізде азаматтық қоғамның белсенді болуы үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін көтеруді және Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігін айтқан болатын. Одан бері жеті жыл өтіпті. Бүгінге дейін Республикамызда ҮЕҰ айтарлықтай дамыды және волонтерлер саны 300 мыңнан асып жығылды.  Бұдан бөлек, 263 қоғамдық кеңес құрамы бар, мұнда төрт мыңнан астам азамат еңбек етеді. Осы ретте «Серпіліс» қоғамдық қорының президенті Бейсенкүл Нарымбетовадан еліміздегі азаматтық қоғамның даму барысы туралы аз-кем пікірін сұрастырған болатынбыз. Оның айтуынша, азаматтық қоғам даму сатысына өтті деп айтуға болады, десе де аталған институттың кемшіліктері мен жетістіктері жетерлік дейді ол. 

– Азаматтық қоғамның дамуының маңыздылығы туралы мемлекет басшысы Құрылтайда да, жалпы алқалы жиындардың бәрінде айтып жүр. Өйткені азаматтық қоғамның дамуы – мемлекеттік дамудың бір кепілі болып есептеледі. Жалпы, азаматтық қоғам даму сатысына өтті деп айтуға болады. Дегенмен, жұмыс жүріп жатқаннан кейін әрине кемшіліктер де, жетістіктер де көп. Азаматтық қоғамның белгілі бір бөлігін үкіметтік емес ұйымдар құрайды. Бұрын қоғамдық ұйымдарда зейнетке шыққан адамдар жұмыс істейтін сияқты көрінетін. Қазір өзгерді, онда орта буын да, жастар да бар. Мысалы өңірлерді алатын болсақ, жастардың қоғамдық ұйымдарының белсенділігі өте аз. Бар, бірақ олардың жұмыстары көрінбейді. Мысалы, «Ізгілікте жарысайық» және т.б. еріктілер ұйымы демеушілер мен меценаттардың арқасында қоғамның дамуына үлес қосып жүр. Өзіңіз білесіз, қаржыландыру көзі болмаса азаматтық қоғам да дамымайды. Сол себепті, көбі әлеуметтік тапсырыстармен жұмыс істейді. Осы арада мына бір қызықты айта кетейін, қоғамдық ұйымдардың жұмыс істеп жатқаны көрінбейді. Оның көрінбейтін себебі, мемлекеттік мекемелер әлеуметтік тапсырыстар жариялайды. Бірақ неге екенін білмеймін, көп жағдайда қоғамдық ұйымдардың емес, мемлекеттік мекемелердің аты аталады. Солардың ұйымдастыруымен осындай жұмыстар жүріп жатыр, өткізілді дейді. Бұл дұрыс нәрсе емес. Өйткені, қоғамдық ұйымдардың танымалдылығына, олардың жұмысына, ынталануына кедергі жасайды деп ойлаймын. Тапсырыс беруші және оны орындайтын әлеуетті өнім беруші бар. Иә, қаржы мемлекеттік мекемеден келеді. Бірақ оны ұйымдастыратын да, жүзеге асыратын да қоғамдық ұйым. Егер біз қоғамдық ұйымдардың қоғамда орны болсын десек, олардың жұмысын көрсете білуіміз керек. Өйткені, бұл мемлекеттік тапсырыс сияқты мемлекеттің әлеуметті, жалпы қоғамды дамыту үшін бөліп отырған қаржысы, қоғамдық ұйымдардың жүзеге асыратын  жобасы. Азаматтық қоғамның дамуында осындай келеңсіздіктер бар, алайда мұндай келеңсіздіктер жуық арада жойылатын шығар деп үміттенемін. 

– Азаматтар қоғам өміріне белсене қатыса ма? Оны қандай мәселелерден байқап жүрсіз? 

– Жалпы қоғам азаматтар арқылы дамиды. Егер азаматтар белсенді болса, онда қоғам да белсенді. Егер қоғамды құраушы адам сергек болса, онда қоғам да сергек. Сондықтан мұны әр салаға бөліп, жіктеп айтуға болады. Қазіргі кезде инклюзия, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға байланысты жұмыстарда қоғамның белсенділігі жақсы көрінеді. Бірақ спорт, мәдениет басқа да түрлі салада қоғамдық ұйымдардың үні естіле бермейді. Қоғамдық ұйымдар қарапайым сөзбен айтқанда айналасын бақытты ету үшін құрылады. Тек мүгедек  балалар мен жастарға ғана емес, сол сияқты өзге салалар да белсенділікке мұқтаж. Әлеуметтік тапсырыс деген – мемлекет тарапынан  бөлінетін, мемлекеттік идеологияны жүзеге асыратын құрал. Мәселен, мемлекеттік бағдарламамыз, ұлттық жобаларымыз бар, соларды халыққа түсіндіру үшін, халықтың сол бағытта жұмыс істеуін үйлестіру үшін, жұмыс істеу керек. Жоғарыда айтқан себептерге  байланысты бәлкім, бұл да көрінбей қалып жатқан шығар. Бізде кейбір іс-шараларды әкімдік немесе басқарма істеді деген сияқты ақпараттар шығып жатады. Бұл жерде журналистердің де кемшілігі бар. Жіктеп түсіндіре алмаймыз. Мысалы, бір іс-шара немесе акция өтсе, оны кім ұйымдастырып жатқанын анықтап тексермейді. Пәлен ауданның әкімдігі дей салады. Ал түптеп қарасаңыз, ол әлеуметтік тапсырыс болып шығуы мүмкін. Мысалы, қазір елімізде ауқымды «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Оның астарында да түрлі әлеуметтік тапсырыстар мен жобалар жатуы мүмкін. Егер біз әрқайсысын өз атымен атап айтатын болсақ, азаматтық қоғамның белсенді екенін де, дамып жатқанын көре алар едік.

– Айтыңызшы, атқарушы билік азаматтық қоғамды дамытуға расында мүдделі ме?

– Азаматтық қоғамды дамытуға атқарушы билік шынтуайтына келгенде мүдделі болу керек. Өйткені ол жергілікті биліктің керек жерде иықтасып жұмыс істейтін серіктесі, әріптесі болуы мүмкін. Қоғамда көптеген жағдайлар мен әлеуметтік және саяси ахуалдарды зерттеу бар, осының бәрі әлеуметтік тапсырыс арқылы жүзеге асыратын қоғамдық ұйымдар. Сондықтан ол билікке керек. Бірақ енді оны атқарушы билік қалай пайдаланады, өзі біледі. Сондықтан, мүдделі, мүдделі емес деп айта алмаймын. Әлеуметтік тапсырысқа да бизнес сияқты көзқараспен қарайтын азаматтар бізде өте көп, ажырата алмайды. Әлеуметтік тапсырыс деген ол – өзіңнен шығарып барып жүзеге асыратын жоба. Оған мемлекеттің қаржысы жетпеуі де мүмкін. Сен ол жобаға еріктілерді тартуың мүмкін. Одан пайда табу деген қиындау нәрсе.  Өкінішке қарай, кейбір қоғамдық ұйымдарда осындай көзқарастар бар.

– Азаматтық қоғамды дамытуға қатысты мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан қандай бастамаларды айта алар едіңіз? Бұл бастамалардан жақсы нәтиже күтесіз бе?

– Білесіз бе, өңірлерде Азаматтық ресурстар орталығын құрып, оны жұмыс істету қыруар күшті қажет етеді. Мен осы әлеуметтік жобада 15 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Біздің қоғамдық ұйымдардың белсенділігі артты ма? Айталық, көбіне шетелдік гранттар арқылы қоғамдық ұйымдардың сауатын арттырады. Оның да өзінің қаржылай тетіктері, есеп-қисабы болады. Сауаттылық мәселесі шетелдік гранттардың есебінен жүзеге асырылып келеді. Азаматтық ресурстар орталығы – мемлекет тарапынан азаматтық қоғам мен қоғамдық ұйымды дамыту үшін қаржы бөледі. Бұл сұрақты осы саланы білетін адам ретінде менің де қойғым келеді. Сондықтан, аса көңілім тола қоймайды. 

Азаматтық қоғам деген – өте кең ұғым. Оған  қоғамдық ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер жатады. Бұл мемлекеттің араласуынан тәуелсіз, ерікті түрде әрекет ететін жеке тұлғалар мен ұйымдардың жүйесі. Мысалы «Қазақстанның азаматтық Альянсы» ұйым болып табылады. Әскери құқықтық ардагерлер кеңестері, кәсіподақтар бар. Бұлардың бәрі азаматтық қоғамның дамуына үлес қосушылар, экономикалық, әлеуметтік-мәдени, саяси салаларында қызмет ететін азаматтардың ерікті бірлестіктері. Бізде одан кейін құқықтық сала медиация да өте жақсы дамып жатыр. Оны да атап кету керек. Ал енді кемшін қалған тұстары да бар, әсіресе білім және мәдениет саласында азаматтық қоғамның үні аса естіле бермейді.