Мәжіліс отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Қазақстандағы электромобильдер үшін түсі өзгеше нөмірлерді енгізуді қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Жақында Мәжіліс электромобильдер туралы заң қабылдады. Бүгінде ол жұмыс істей бастады, бірақ кейбір әкімшілік мәселелер қиындық тудыруда. Өйткені техникалық тіркеу құралдары электромобильді кәдімгі көліктен әрдайым ажырата алмайды. Бұл ақылы тұрақтарға, қуаттау станцияларына, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіру және электромобильді жедел сәйкестендіру қажет болатын басқа да жағдайларға қатысты», - деді депутат Арман Қалықов.
Ол Мәжіліс комитеті электрлі автомобильдер үшін мемлекеттік нөмірлердің бөлек түсін қолдануды ұсынғанын айтып өтті.
«Өте орынды сұрақ. ІІМ бұны қолдайды. Электромобильдердің мемлекеттік нөмірінің фонын өзгерту әлемдік жалпыға ортақ тәжірибе, олар жасыл түспен белгіленеді. Сондықтан біз бұл мәселені пысықтадық және қолдау білдіреміз. Заң қабылданғаннан кейін заңға тәуелді актілермен, нормативтермен айналысамыз, тиісті ережелерді бекітеміз және олар елде енгізілетін болады», - деп хабарлады Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.