Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Құрылтайдағы орын үшін күрес

Құрылтайдағы орын үшін күрес
Сурет: видеодан скрин

Жаңа Конституция талаптарына сай, Қазақстан енді бірпалаталы парламенттік жүйеге бет бұрады. Алдағы уақытта Құрылтай партиялық тізіммен сайланатын 145 депутаттан құралмақ, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сарапшылардың пайымдауыша, бұл додада бұрыннан танымал саяси партиялардың шоқтығы биік, ал әлеуеті төмен ұйымдардың сыртта қалу қаупі басым. Саясаттанушылар сайлау нәтижесі тек қаржы мен ұйымдастыруға ғана емес, партиялардың халықтың мұң-мұқтажына қаншалықты нақты жауап бере алатынына байланысты болатынын айтады.

Алдағы сайлаудың басты сауалы — жаңадан құрылған партиялардың қауқары қандай болмақ? Олар саяси аренадағы күштер тепе-теңдігін өзгерте ме, әлде бәрі баяғыша қала ма? Қазіргі таңда саяси айдынның бел ортасында «Аманат», «Ақ жол», «Respublica», «Ауыл» және Қазақстан Халық партиясы сияқты негізгі ойыншылар жүр, деп мәлімдеді Otyrar телеарнасы.

 «Мәжіліс құрамында жүрген жаңа партиялар бар, соның ішінде жалғыз оппозициялық бағыттағысы - ЖСДП. Ал «Байтақ» партиясы, өкінішке қарай, өткен додада оза алмады. Естуімізше, жақын арада «Әділет» атты жаңа партия құрылмақ. Бірақ мынаны түсіну керек: қомақты қаржысы мен мықты демеушілері жоқ жаңа ұйымдардың бұл бәйгеде бағы жануы екіталай», - дейді саяси ғылымдар магистрі Жандос Сәрсенбеков.

Сарапшылардың айтуынша, кез — келген сайлау науқанында ресурс — басты фактор. Партияның қаржылық әлеуеті мен ұйымдастырушылық құрылымы неғұрлым мықты болса, жеңіске жету мүмкіндігі де соғұрлым жоғары. Сонымен қатар, партиялық тізімге кімдердің енгені де маңызды. Саясаттанушылар бұл жолы тізімнен тек танымал тұлғаларды ғана емес, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды бес саусағындай білетін нақты сала мамандарын көргісі келеді.

 «Қарапайым сайлаушы ретінде айтар болсам, бізге мінберде отырып, халықтың мұңын жалынды сөзбен екі минутта жеткізе алатын харизматикалық шешендер керек. Мұндай тұлғаларға сұраныс жоғары, бұл — заңдылық. Алайда, халық тек жалынды сөзді ғана емес, Парламенттің нақты жұмыс істегенін, сапалы заңдар қабылдағанын талап етеді», - дейді Халықаралық қатынастар сарапшысы Таир Нигманов.

Бүгінде Қазақстандағы сайлаушылардың талғамы әртүрлі. Цифрландыру процесі саяси науқандардың ашықтығын қамтамасыз еткенімен, әлеуметтік желінің күшін тым асыра бағалауға болмайды. Ең бастысы — халықпен тікелей жүздесу, өңірлердегі нақты мәселелерді шешу және елдің шынайы мұқтажын түсіну.

 «Қазір қоғамда экономикалық тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімге сұраныс зор. Халыққа ұзақ мерзімді жоспарлар, қаржының қолжетімділігі және кәсіпкерлікке, әсіресе шағын бизнеске қолайлы жағдай жасау маңызды. Түрлі кедергілер мен қатаң тексерістерді азайту да күн тәртібінде тұр», - дейді саясаттанушы Талғат Қалиев.

Қорыта айтқанда, сайлауда тек халықтың мұңын айтқандар емес, сол мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсына алғандар ғана жеңіске жетеді. Сайлауға санаулы айлар қалды. Саяси күштер қазірдің өзінде дайындықты бастап, сайлаушылардың сеніміне кіру үшін түрлі стратегияларды пысықтап жатыр.