Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар конституциялық заңға қол қойды. Құжаттар президенттің мәртебесі, Құрылтайдың қызметі, Қазақстан Халық Кеңесі, елорда мәртебесі және әкімшілік-аумақтық құрылым мәселелерін қамтиды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Президент және вице-президент туралы заң
"Қазақстан Республикасының Президенті туралы" конституциялық заңда Мемлекет басшысының құқықтық мәртебесі, өкілеттігі мен қызмет тәртібі айқындалған. Сондай-ақ құжатта вице-президенттің құқықтық мәртебесі де көрсетілген.
Заңдағы басты жаңалықтардың бірі – вице-президент институтының енгізілуі. Вице-президент президент айқындаған міндеттерді орындайды.
Құрылтайдың мәртебесі бекітілді
"Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заң Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметін, заң шығару процесіндегі рөлін және депутаттардың құқықтық мәртебесін белгілейді.
Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган ретінде айқындалған. Ол партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – 5 жыл.
Құрылтайды депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын төраға басқарады. Төраға мемлекеттік тілді жетік меңгеруі тиіс.
Заңда Құрылтайдың бірқатар маңызды өкілеттігі көрсетілген. Атап айтқанда, бұл орган вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім береді. Сондай-ақ президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлау және қызметінен босату, президент сайлауын тағайындау, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерін бекіту сияқты өкілеттіктер де қарастырылған.
Қазақстан Халық Кеңесі құрылады
"Қазақстан Халық Кеңесі туралы" конституциялық заң Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін, өкілеттігін, құрылу тәртібін, құрамын және қызметін ұйымдастыру жолдарын айқындайды.
Қазақстан Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган болып саналады. Ол жалпыхалықтық диалогты дамыту және азаматтық қоғамның елдегі ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
Кеңес заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізуге құқылы болады.
Халық Кеңесі Қазақстан азаматтарынан құралады. Оның құрамына этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестері атынан 42 өкіл кіреді. Кеңес құрамын президент бекітеді.
Халық Кеңесіне төраға басшылық жасайды. Оның өкілеттік мерзімі – 4 жыл.
Астана мәртебесі туралы заң
"Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" конституциялық заң елордаға қатысты қоғамдық қатынастарды реттейді. Құжатта астананың құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздері айқындалған.
Заңда мәслихаттың, жергілікті өзін-өзі басқару органының және қала әкімі басқаратын жергілікті атқарушы органның өкілеттіктері нақты белгіленген.
Сонымен қатар құжатта қаланың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн кодына қойылатын міндетті талаптар, сондай-ақ елорда инфрақұрылымын дамыту және тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты ұйымдардың өкілеттіктері көрсетілген.
Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы заң
Президент қол қойған тағы бір құжат әкімшілік-аумақтық құрылым мәселелеріне арналған. Бұл заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекарасын белгілеу және өзгерту, есепке алу, тіркеу, атау беру және қайта атау тәртібін айқындайды.
Заңның негізгі мақсаты – тиімді мемлекеттік басқару үшін Қазақстанның аумақтық ұйымдастырылуын жүйелеу.