Әрбір дін өз сенімін ақиқат әрі жоғары деп қабылдайды, бұл табиғи құбылыс. Алайда дәл осы ерекшелік дұрыс құқықтық реттелмесе, қоғамдағы қатынастарға кері әсер етуі мүмкін.
Егер әр дін өкілі, әр конфессия, тариқат немесе деноминация «көрпені өзіне тартып», өзгені төмен санай бастаса, онда қоғамдық келісім әлсіреп, тұрақсыздық қаупі артады. Тарих мұндай шиеленістердің соңы ауыр салдарға алып келгенін талай дәлелдеді.
Осы тұрғыдан алғанда, дін саласындағы заңнаманы сақтау, бұл жай формальды талап емес, ол қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды тетігі. Құқықтық нормалар діни қызметтің шекарасын айқындап, әртүрлі сенім иелерінің құқықтары мен бостандықтарының тең сақталуын қамтамасыз етеді.
Қазіргі зайырлылық принципі де осы міндетті атқарады. Ол қоғамдағы алауыздықтың алдын алатын, әркімнің сенім еркіндігін қорғай отырып, ортақ тәртіп орнататын негізгі құндылықтардың бірі.
Егер осы қағидалар сақталмаса, біз бүгінгі қалыпты өмір салтымызды, яғни таңертең балаларымызды мектепке алаңсыз апарып, жұмысымызға уайымсыз баруды, кешкісін отбасы шеңберінде еркін әңгіме құрып, тыныш өмір сүруді, табиғи нәрсе ретінде қабылдай алмас едік.
Сондықтан дін саласындағы заңнаманы сақтау, бұл тек құқықтық міндет емес, бұл қоғамдағы тұрақтылық пен өзара құрмет мәдениетін сақтаудың басты кепілі.
Укенов Әли Сайлауұлы
Дінтану магистрі
Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі