Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Дін

Дін – бірегейліктің бір бөлігі: неге қазақстандықтардың сенімі өзіндік сипатқа ие?

Дін – бірегейліктің бір бөлігі: неге қазақстандықтардың сенімі өзіндік сипатқа ие?
Сурет: kisi.kz

Қазақстандықтардың сексен алты пайызы өзін діндар деп санайды. Бұл көрсеткіштің өзінен көп нәрсені аңғарамыз: діни бірегейлік жаппай нормаға айналып келеді. Бірақ әлеуметтану алғашқы көрсеткішпен шектеліп қана қоймайды. Келесі сұрақ: адамдар өз дінін нақты қалай ұстанады? Міне, осы тұста көрініс алғаш байқалғаннан әлдеқайда ауқымды болып шықты:

Қазақстандықтардың 72%-ы діни мерекелерді атап өтеді.
Респонденттердің 41%-ы үнемі дұға оқиды.
Сауалнамаға қатысқандардың 27%-ы мешітке тұрақты барып тұрады.

Бұл көрсеткіштер біріне-бірі қайшы емес. Олар діни өмірдің әртүрлі деңгейлерін сипаттайды, әрі олардың әрқайсысының өз мәні мен өз қызметі бар. Осы деректерді, осы көріністі түсіну үшін отыз жыл артқа оралу керек. КСРО ыдырағаннан кейін қоғам күтпеген мәселемен бетпе-бет келді: кім болам? «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап кеңестік бірегейлікпен және оны қалыптастырған мемлекетпен бірге жоқ болды. Қазақ бірегейлігі тіл, дәстүр, мәдени кодқа мұқтаж еді, ал мұның бәрі кеңестік жаңғыртудың ондаған жылы ішінде көптеген адамға, әсіресе қалалық қазақтарға, қолжетімсіз болып кетті. Ал ислам қатаң талаптар жүйесі ретінде емес, өзін-өзі айқындаудың қолжетімді тілі ретінде жол ұсынды. Өзіңді мұсылманмын дегенің — «мен кіммін?» деген сұраққа жауап бергенің. Бұндай жауап қарапайым, түсінікті де абыройлы болып шықты.

Әрине, жоғарыда айтылғандардың бәрі діннің рухани өлшемін жоққа шығармайды. Көптеген қазақстандық үшін діни сенім көпшілік алдында растауды қажет етпейтін жеке әрі терең тәжірибеге айналды. Эмпирикалық деректер исламның бір мезгілде бірнеше қызмет атқаратынын, яғни рухани да, идентификациялық та қызмет орындайтынын көрсетеді. Екеуі де шынайы. Екеуі де маңызды. Әлеуметтанушылар мұндай құбылысты мәдени дінилік деп атайды, мұнда дін ең алдымен тиесілік қызметін атқарады. Адам мерекелерге қатысады, салт-дәстүрді қолдайды, өзін дінімен сәйкестендіреді – бұл діни өмірдің шала түрі емес емес, оның толыққанды түрі. Қазақстандық контексте бұл табиғи құбылыс, өйткені дала исламы тарихи тұрғыдан ешқашан қатаң институционалданған емес. Ол мешіттің қатаң тәртібі арқылы емес, ауыз әдебиеті, отбасы салттары және мәдени рәсімдер арқылы таралған. Сірә, сол үшін қазақстандықтардың 88,6%-ы діни саладағы мемлекеттік саясатты қолдайды да, сонымен қатар 84,5%-ы ел зайырлы мемлекет болып қалуы керек деп санайды-ау. Бұл қайшылық емес, керісінше, дін мәдени бірегейлік ретінде зайырлы мемлекетпен тамаша қатар өмір сүретін қазақстандық модельдің көрінісі. Негізінде, қазақстандықтардың басым бөлігі дінді дәл осылай түсінеді.

Деректерді әлеуметтанулық талдау қазіргі Қазақстанда бір мезгілде қатар өмір сүріп отырған діндарлықтың үш түрін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Біріншісі – мәдени дінилік, ең кең тараған түрі. Адам өзін діндармын деп есептейді, мерекелерге қатысады, дәстүрлерді қолдайды, бірақ діни нормалар оның күнделікті мінез-құлқын міндетті түрде реттей бермейді. Бұл шала сенім емес, дінилік ең алдымен бірегейліктің нышаны ретінде көрінетін ерекше форма.

Екінші форма – практикалық дінилік, ол күнделікті дұғаны, мешітке тұрақты баруды, барлық діни талаптарды сақтауды көздейді. Мұнда дін мен мінез-құлықтың байланысы анағұрлым тығыз.

Үшінші форма – рефлексивті дінилік, ең күрделі түрі. Мұнда дін тілге айналады. Адамдар әділет, абырой, мәдени бірегейлікті діннің түсінігімен талқылайды. Дін қоғамдық дискурсқа догма ретінде емес, болып жатқанды ұғыну тәсілі ретінде енеді. Осы үш түр де бір қоғамда, тіпті көбіне бір адамның бойында қатар өмір сүреді.

Осылайша, Қазақстанда діннің тілге айналып келе жатқаны анық. Дін арқылы қоғам өзін сипаттайды, абырой шекараларын айқындайды, болып жатқан өзгерістерді түсіндіреді. Бұл тіл көпдеңгейлі: біреуден ол күнделікті дұға арқылы көрінсе, біреуден діни мерекелерді тойлаудан байқалады, ал енді біреуде дәстүрге тиесілі екендігін қарапайым сезінуден көрінеді. Осы деңгейлердің бәрі бір уақытта қатар өмір сүреді және жиынтығында қазақстандық дінилік моделі деп атауға болатын құбылысты құрайды. Бұл Таяу Шығыс үлгісінің көшірмесі де емес, кеңестік атеизмнің кері нұсқасы да емес, өз тарихы мен өз тәжірибесінен туған өзіндік модель.

Айгүл Забирова,

ҚР Президенті жанындағы

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері