Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Иран АҚШ-қа келіссөздер бойынша жаңа ұсыныс жолдады

Иран АҚШ-қа келіссөздер бойынша жаңа ұсыныс жолдады
Сурет: ашық дереккөзден

Иран АҚШ-пен бейбіт келіссөздерді қайта жандандыруға кезекті рет әрекет жасады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.

1 мамыр күні мемлекеттік IRNA агенттігі Тегеранның қақтығыста делдал болып отырған Пәкістан арқылы Вашингтонға жаңа реттеу жоспарын жібергенін мәлімдеді. Ақ үй бұл ұсынысқа әзірге ешқандай жауап берген жоқ.

Ақ үйдің баспасөз хатшысының орынбасары Анна Келли AFP агенттігіне АҚШ тарапы құпия дипломатиялық байланыстардың егжей-тегжейін жарияламайтынын айтты. Сонымен қатар ол Иранның ядролық қаруға ие болмауы тиіс екенін атап өтіп, келіссөздер АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мүддесінде жалғасып жатқанын жеткізді.

Қарулы қақтығыс 28 ақпанда басталған. Сол күні АҚШ пен Израиль Иран аумағына соққы жасаған. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге, Парсы шығанағындағы бірқатар мемлекеттерге және аймақтағы америкалық нысандарға шабуыл ұйымдастырды. Сәуір айының басында бітім жарияланғанымен, тараптар әлі күнге дейін нақты келісімге келе алмады.

Келіссөздердің жалғыз раунды 11 сәуірде Пәкістанда өтіп, нәтиже бермеді. Стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазы әлі де ирандық әскерилердің бақылауында қалып отыр, ал АҚШ өз кезегінде Иран порттарына теңіз блокадасын жалғастыруда.

Осы апта басында Тегеран тағы бір рет реттеу бастамасын ұсынған болатын. Алайда Дональд Трамп бұл ұсынысты қабылдамады. Axios деректеріне сүйенсек, иран тарапы ол кезде ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді кейінге қалдыруды ұсынған.

Иранның ядролық бағдарламасы негізгі даулы мәселе болып қала береді. АҚШ пен Израиль Тегеранды атом қаруын жасауға тырысып жатыр деп айыптайды. Ал Иран бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр.