Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Денсаулық

Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалар санының неге өсіп жатқаны айтылды

Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалар санының неге өсіп жатқаны айтылды
Сурет: pexels

Соңғы үш жылда аутизм салдарынан мүгедектігі бар балалар саны 7,6 мыңнан 13,9 мың адамға дейін өскен, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Соңғы үш жылда аутизм салдарынан мүгедектігі бар балалар саны 7,6 мыңнан 13,9 мың адамға дейін өсті. Жыл сайынғы өсім – 35%. Бұл көрсеткіштің артуы аутизмді анықтау деңгейінің жақсаруымен, ерте диагностиканың енгізілуімен және M-CHAT ерте скринингінің қолданылуымен байланысты. Бұған дейін АСБ бар балалар статистикаға толық енгізілмеген», – деді премьер-министр Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында.

Үкімет басшысының жауабына сәйкес, психикалық бұзылыстар салдарынан мүгедектігі бар балалардың жалпы саны 32,4 мыңды құрайды. Оның ішінде 13,9 мыңы – аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалар. Бұған дейінгі төмен көрсеткіштер диагноздың дер кезінде қойылмауы, ауруды кеш анықтау және кейбір балалардың ресми статистикада есепке алынбауымен түсіндірілген.

«2025 жылы Қазақстанда 2025–2027 жылдарға арналған аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға көмек көрсету жүйесін жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық жол картасы бекітілді. Құжат аясында орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен АСБ-ны ерте анықтау мен диагностиканы жетілдіруге бағытталған бірқатар шара жоспарланған», – деді Бектенов.

Сонымен қатар құжатта инфрақұрылым мен мамандар тапшылығы, сондай-ақ ауыр бұзылыстары бар балаларға қажетті медициналық қызметтердің толық спектрін ұсынуда білім беру жүйесінің мүмкіндіктері шектеулі екені айтылған.

«АСБ-ны емдеудің негізгі тәсілдері дәрі-дәрмексіз жүргізіледі. Оған мінез-құлықты түзету, білім беру және психологиялық қолдау шаралары кіреді. Аутизм белгілерін ерте анықтау үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы бала дамыту кабинеттерінде психофизикалық және диагностикалық скрининг жүргізіледі», – деп атап өтті премьер-министр.

Сондай-ақ ерте араласу жүйесін дамыту жалғасып жатқаны, алайда қызметтердің қолжетімділігі мен қамту деңгейі әлі де шектеулі екені айтылды.

«Осылайша, республикадағы ерте араласу жүйесі мүгедектік ресми түрде белгіленгеніне қарамастан жұмыс істейді және бұзылыстарды ерте анықтау кезеңінде қажетті қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді», – деп толықтырды Бектенов.

Сонымен бірге кадр тапшылығы мен өңірлердегі қызметке қолжетімділіктің біркелкі болмауы мәселесі сақталып отыр. Бұл да аутизмді анықтау және балаларды қолдау деңгейіне әсер етуде.