Украина билігінің мәліметінше, Ресей бұрынғыдай балаларды күштеп әкетуден гөрі, қазір уақытша басып алынған аумақтарда оларды «қайта тәрбиелеу» мен милитаризациялауға көбірек мән беріп отыр. Бұл туралы Bring Kids Back бағдарламасы аясында айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Украина Жоғарғы радасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец Киевте өткен конференцияда соңғы уақытта балаларды қайтару процесі айтарлықтай қиындағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, кей жағдайларда келіссөздер бір жылдан астам уақытқа созылады. Мәселен, Херсоннан шыққан егіз қыздарды қайтаруға бір жылдан көп уақыт кеткен, ал келіссөздерге Қатар арағайын болған. 2022 жылғы соғыстан кейін жетім қалған бұл балалар Ресейге әкетіліп, оларға ресейлік құжаттар беріліп, басқа отбасыға тапсырылған. Кейін олар Украинаға қайтарылып, туған ағасына қамқорлыққа берілген.
Лубинецтің сөзінше, Ресейде балаларға қатысты бақылау күшейген, іздестіруге көмектесетін адамдарға да қысым бар. Бұрын бір баланы қайтаруға бірнеше ай жеткілікті болса, қазір әр жағдай ұзақ әрі күрделі келіссөздерді талап етеді.
Украина дерегіне сәйкес, 2026 жылдың сәуір айының соңына дейін 20 570-тен астам украиналық баланың Ресейге күштеп әкетілгені немесе көшірілгені расталған. Алайда бұл нақты сан емес, шын мәнінде көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Ресейдің өзі 2023 жылы 744 мың украиналық баланы «қабылдағанын» мәлімдеген, ал 46 мың балаға ресейлік паспорт берілген.
Балаларды анықтау да қиын, себебі Украина уақытша оккупацияланған аумақтарға толық қол жеткізе алмай отыр. Ресей тарапы балаларды өз азаматтарының отбасына орналастырып, халықаралық құқық нормаларын бұзып отыр деген мәлімдеме бар.
Қазіргі уақытқа дейін Украина 2126 баланы қайтара алған. Бұл қатарға Ресейге әкетілгендермен бірге, оккупацияланған аумақтарда «қайта тәрбиелеуге» ұшыраған балалар да кіреді.
Балаларды қайтарудың екі негізгі жолы бар: бірі делдалдар арқылы жүргізілетін келіссөздер, мұнда омбудсмен кеңсесі маңызды рөл атқарады. Екіншісі қоғамдық ұйымдардың көмегімен ұйымдастырылатын қайтару операциялары. Соңғы тәсіл арқылы кейде көбірек баланы қайтаруға мүмкіндік туады, алайда мұндай процестердің егжей-тегжейі жария етілмейді.