Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Тегеран америкалық әскери кемеге соққы жасағанын мәлімдеді

Тегеран америкалық әскери кемеге соққы жасағанын мәлімдеді
Сурет: REUTERS

Дүйсенбі күні Иранның әскери-теңіз күштері АҚШ-тың әскери кемелерінің Ормуз бұғазына өтуіне жол бермегенін мемлекеттік телеарна мен Fars агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Иран тарапының мәліметінше, Оман шығанағындағы Жаск қаласы маңында ескертулерді елемеген америкалық әскери кемеге екі зымыран тиген.

АҚШ бұл мәлімдемеге қатысты әзірге ресми пікір білдірмеді. Ал Axios басылымының журналисі Барак Равид Х әлеуметтік желісінде америкалық жоғары лауазымды шенеуніктің бұл ақпаратты жоққа шығарғанын жазды.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні таңертеңнен бастап Ормуз бұғазы арқылы Иран әрекеттеріне байланысты Парсы шығанағында қалып қойған кемелерді қауіпсіз алып шығу шаралары басталатынын мәлімдеген еді. Ол бұл қадамды гуманитарлық әрекет деп атап, процеске кедергі келтіргендерге күш қолданылатынын ескерткен.

Сол күні Иран АҚШ әскери күштеріне Ормуз бұғазына кіруге болмайтынын ескертті. Бұл бұғаз Оман шығанағын Парсы шығанағымен байланыстырады. Иранның біріккен қолбасшылығы коммерциялық кемелер мен мұнай танкерлеріне әскери күштермен келісілмеген әрекеттерден бас тартуды тапсырды.

«Ормуз бұғазының қауіпсіздігі біздің бақылауымызда. Кемелердің қауіпсіз өтуі қарулы күштермен үйлестірілуі тиіс», – делінген «Хатам әл-Анбия» орталық штабының басшысы Әли Абдоллахидің мәлімдемесінде.

Ол сондай-ақ кез келген шетелдік әскери күштерге, әсіресе АҚШ армиясына, бұғазға жақындап, кіруге әрекет жасаса, соққы берілетінін ескертті.