Иран президенті Масуд Пезешкиан Парсы шығанағындағы жағдайдың ушығуы аясында ИРСК (КСИР) әрекеттерін қатаң сынға алды, деп хабарлайды Arasha.kz Iran International-ға сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, Пезешкиан Біріккен Араб Әмірліктеріне жасалған зымырандық және ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарын «жауапсыздық» деп атап, олардың үкіметпен келісілмей жасалғанын мәлімдеді. Ол әскери басшылықтың шиеленісті арттыру тәсілін «ақылсыздық» деп сипаттап, соңы түзетуге келмейтін салдарға соқтыруы мүмкін екенін ескертті.
Президент шабуылдарды тоқтатуға қол жеткізіп, дипломатиялық реттеуге қайта оралу үшін жоғарғы көшбасшы Моджтаба Хаменеимен шұғыл кездесу өткізуді сұрағаны хабарланды.
Осы оқиғалар аясында Иранда дағдарысты шешудің саяси және әскери тәсілдері арасындағы алшақтық күшейіп келеді. Бітімді сақтау бойынша дипломатиялық талпыныстар жалғасуда, алайда жағдай әлі де шиеленісіп тұр.
Бұл келіспеушіліктер Ормуз бұғазындағы жағдайға қатысты тараптардың қарама-қайшы мәлімдемелерімен қатар жүруде. АҚШ кеме қатынасы жалғасып жатқанын алға тартса, Иран тарапы «тәртіп бұзушыларды» бұғаттауға дайын екендіктерін айтуда.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл ретте қақтығыстардың аса қарқынды болмағанын атап өтті.
Иран президентінің әкімшілігіне жақын дереккөздер Пезешкианның ауқымды қақтығыстан қауіптенетінін және жағдай одан әрі ушықса, елдің экономикалық инфрақұрылымына ауыр соққылар берілу қаупі бар екенін ескертетінін алға тартады.