Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Қазақстан аспанындағы ұшатын белгісіз ныса: Пентагон құпия материалдарды жариялады

Қазақстан аспанындағы ұшатын белгісіз ныса: Пентагон құпия материалдарды жариялады
Сурет: war.gov/UFO

Пентагон бұған дейін жарияланбаған белгісіз аномальді құбылыстарға қатысты материалдарды жұртшылық назарына ұсынды. АҚШ билігі көпшілікке ұшатын белгісіз нысан деген атпен танымал нысандарды енді осылай атай бастады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Tengri Life-ке сілтеме жасап.

Файлдардың бірінші бөлігі арнайы үкіметтік сайтта орналастырылған. Пентагонның баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа материалдар «тұрақты негізде» қосылып отырады. АҚШ үкіметінің түрлі ведомстволарынан алынған видеолар, фотосуреттер және түпнұсқа құжаттар бір жерге жинақталған, оларды көру үшін арнайы рұқсаттың қажеті жоқ.

Жарияланған материалдардың ішінде Қазақстан туралы айтылатын құжат та бар. Атап айтқанда, АҚШ Мемлекеттік департаментінің 1994 жылғы дипломатиялық жеделхатында (телеграмма) Boeing 747 экипажының республика аумағында белгісіз аномальді құбылысты бақылағаны туралы жазылған.

Құжатқа сәйкес, 1994 жылғы 27 қаңтарда тәжікстандық ұшқыш пен үш америкалық Қазақстан аспанында үлкен жылдамдықпен қозғалып, траекториясын кенет өзгертетін және 90 градусқа бұрылатын жарық нысанды байқаған. Жеделхатта куәгерлер нысанды бірнеше рет суретке түсіріп алғаны да айтылады.

NBC News-тің түсіндіруінше, құпиясыздандырылған материалдардың арасында «Аполлон-12» және «Аполлон-17» ай миссиялары кезінде болған оқиғалар туралы мәліметтер де бар. 1969 жылы астронавт Алан Бин «ғарышқа қарай ұзап бара жатқан жарық ұшқындары» туралы хабарлаған. Ал 1972 жылы экипаж алыста ретсіз айналып жүрген дұрыс пішінде емес жарық нүктелерін бақылаған.

АҚШ конгресмендері, сондай-ақ түрлі мүдделі тараптар  білікті ғалымдардан бастап қастандық теориясын қолдаушыларға дейін  бұл материалдарды жариялауды көп жылдан бері талап етіп келген еді. Америка лидері Дональд Трамп та оларды ашу қажеттігін бірнеше рет мәлімдеген болатын.

«Америкалықтар бұл мәселелер бойынша ашықтықты талап етті және Президент Трамп мұны қамтамасыз етіп отыр», - делінген Пентагонның пресс-релизінде. - «Егер алдыңғы әкімшіліктер бұл тақырыптың беделін түсіруге немесе жұртшылықты бұл мәселеге қызығудан тыюға тырысса, Президент Трамп адамдар құжаттардағы ақпарат негізінде өз бетінше қорытынды жасай алуы үшін барынша ашық болуға басымдық береді».

Үкімет бұл құжаттарды ондаған жылдар бойы сақтап келді. Олар қауіпсіздік тұрғысынан тексеруден өткенімен, көпшілігіндегі аномалияларға әлі күнге дейін ғылыми талдау жасалып, түсініктеме берілген жоқ.