MV Hondius круиздік лайнері Испанияның Тенерифе аралына жақындап келеді. Кемеде хантавирустың сирек түрі Андес вирусы анықталғаннан кейін арал тұрғындары наразылыққа шықты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Лайнер 1 сәуірде Аргентинадан Антарктидаға бағыт алған. Сапар барысында вирус жұғып, Нидерландтан келген ерлі-зайыпты мен Германия азаматы қаза тапқан. Испания, Германия, Франция, Бельгия, Ирландия және Нидерланд елдері жолаушыларды эвакуациялау туралы келіскен. Кейін операцияға АҚШ пен Ұлыбритания да қосылды.
Испания билігі жолаушыларға тек ең қажетті заттарын алуға рұқсат беретінін мәлімдеді. Қалған жүк пен марқұмның денесі Нидерландқа дезинфекцияға жіберіледі.
Тенерифеде порт қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар кемені аралға жолатпауға шақырып, қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етті. Көпшілік бұл жағдай COVID-19 пандемиясының басталуын еске салатынын айтуда.
Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Андес вирусы адамнан адамға өте сирек жұғатынын және жаппай таралу қаупі төмен екенін хабарлады. Испания билігі жолаушылардың қалаға кірмейтінін, лайнердің ашық теңізде тоқтайтынын айтты.